$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Алматыда ақыл-есінен адасып, тоғайда өмір сүріп жүрген әйелге уақытша пана табылды

AstanaTV
18.08.2017ж. 20:00
3153
Алматыда ақыл-есінен адасып, тоғайда өмір сүріп жүрген әйелге уақытша пана табылды

Алматыда бір аптадан бері тоғайда өмір сүріп жүрген отбасына уақытша пана табылды. Соңғы күндері Гүлмира Сабыржанова мен оның ұлы Әлімханның ауыр жағдайы ақпарат құралдарында көтерілген болатын. Бүгін қаладағы кәсіпкерлердің бірі отбасы мүшелеріне уақытша баспана тауып берді. Ағаштың түбінде, қоқыстың арасында күнелтіп келген аурушаң әйел мен оның 21 жастағы ұлы бүгін жылы әрі таза бөлмеге орналастырылды.

Сұлтан Әбішұлы, кәсіпкер:

Мен осы мамасы мен баласын көріп, жаным ашып кетті. Бейбіт күндері адамдардың осылай жүргенінен адам шошиды екен. Өзіміздің кішігірім жатақханамыз бар, баланы мамасымен бірге сол жерге алып, акимат пен үкімет көмектескенше, біз қараймыз. Алла разылығы үшін.

Танжановтар отбасында анасы мен бозбаладан бөлек 7 жасар бүлдіршін бар. Әлімхан оны жақында күн көру қиындаған соң «Перзент» отбасылық балалар үйіне апарып тапсырыпты. БАҚ беттерінде пайда болған ақпараттан соң, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы да тиісті мекемлердің басын қосып, бүгін Гүлмираның жағдайымен танысуға келген. Партия өкілдері алдағы уақыттары науқас әйелдің отбасына баспана алып беруге ықпал етпекші.

Алмажан Бақыторазова, «Нұр Отан» партиясының қалалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Қазір басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Әлімханның анасын бірінші кезекте ауруханаға жатқызамыз. Сосын спонсорлар табылды, енді бір жылға сонда тұратын болады. "Нұр Отан" партиясы қазір тиісті мекемелермен бірге жұмыс істеп, отбасына көмектесетін боламыз.

Ана мен баланың жағдайына алаңдаған бастамашыл топ өкілдері жедел жәрдем қызметін де шақырды. Дәрігерлер әйелдің денсаулығын жіті тексермек. Ал науқас анасын арқалап жүрген Әлімхан Танжановқа әлеуметтік жағынан қаматамасыз ету мекемелері жұмыс іздеуге кірісті.