$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда жайылым жерінен айырылған малшылар бас көтерді

AstanaTV
29.10.2021ж. 20:00
1724
Павлодарда жайылым жерінен айырылған  малшылар бас көтерді

Ал Павлодарда жайылымнан  айырылған  малшылар бас көтерді. Айтуларынша,  жергілікті билік мал бағатын жерді егістік алаңына айналдырған. Енді 50-ден астам шаруа қожалық төрт түлігін қайда жаярын білмей отыр.  Сондықтан олар жерді кері қайтаруды  талап етуде. Малшылардың жан-айқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

930 гектар жер  егістікке  берілген.  Бұл онсыз да жайылымнан тапшылық көріп отырған шаруалардың ашуын туғызды. Өйткені 50-ден астам   қожалық малын   алақандай жерге ғана жаюға мәжбүр.

Қуандық ТҰТПАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:

Мал бағуға арналған жер еді, құдығы да бар. Бір осылай жыртып-жыртып тілімдеп тастаған. Біз түсінбедік кім жыртып жатқанын. Қай жер жыртылатын жер, қай жер мал бағатын жер өзіміз түсінуден қалдық. Мал саны азайып барады.  

Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылында   73 мың гектар жайылым жер болған. Алайда, қазір оның  16 мың гектары ғана бар.  Қалғанын жергілікті билік егістікке берген.

Өрістің  тарылуын  ауыл әкімі малшылардың өзінен көреді. Оның айтуынша, түлік көп болғандықтан, оны жаятын жер жетпей жатыр.

Серік ОМАРОВ, ЧЕРНОРЕЦК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Мәселе ауыл тұрғындарының көп мал ұстайтындығында. Мал көп болған жақсы. Алайда, жер таршылық етуде. Жаңа сайланған әкім ретінде бұл мәселені бақылауда ұстайтын болам. Барлығы заң жолымен шешілуі керек.

Ал малшылардың айтуынша, егін егуге берілген  телімдерді  диқандар түгел пайдаланбаған.   "Егер расымен бос жатқан жер болса  оны қайтарып аламыз" дейді құзырлы орын өкілдері.

Хамза ОРАЗБЕКОВ, ПАВЛОДАР АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Бұл жер ауыл шаруашығына тиесілі. Оны жайылымға қайтару жұмыстарын бастаймыз. Бұл тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарылып, мәселені шешетін боламыз.


Бірақ мәселенің нақты қашан шешілері белгісіз. Дегенмен, шенділер жерді алып, оны игермей жатқандардың ісін май шаммен қараймыз –деп сендірді.

Ө. Қуанар