Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбеліктер қоқыс алаңы үшін әкімдікпен дауласып жатыр

Ақтөбеліктер қоқыс алаңы үшін әкімдікпен дауласып жатыр

Қоқыс өртенсе, газ құбыры жарылады! Ақтөбенің бір топ тұрғыны  алапат жарылыстың құрбаны боламыз ба деп қауіптеніп отыр. Өйткені, жаңа қоқыс алаңы  болады деп белгіленген жердің астында  коммуникациялық желілер жатыр. Ал әкімдіктегілер, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ дейді.  Тараптарды тыңдаған тілшіміз Гүлвира Сейтенова толығырақ  баяндайды.

Тұрмыстық қалдықтарға арналған  жәшіктер тоқсаныншы жылдары қойылған, ал оның астында коммуникация желілері қалғанын ешкім ескермеген. Әрі жол бойы болғандықтан  өткен-кеткеннің бәрі қоқысын осында тастап кетеді, дейді  жұрт. Үнемі тау болып үйіліп жататын қоқыстан шаршаған олар әкімдікке бес жыл   шағымданып, әрең дегенде қоқыс алаңын басқа жерге көшіртіпті.  Бірақ енді оны  бұрынғы  орнына қайтадан қоймақшы көрінеді.   

Қадырбек ӘЛТАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде газ трубасы өтіп жатыр. Жаздыгүні кейде жағып жібереді қоқысты, ертең атылса, кім жауап береді?


Көпшіліктің айтуынша,  коммуникациялық желінің барлығы осы жермен өтеді.  Әрқайсысының  қорғалуы тиіс екіден жеті метрге дейін  аумағы бар. Демек, бұл жерде қандай да бір нысан тұрғызуға тыйым салынған.  Халықтың қолында газ мекемесінің мамандары берген қағаз да бар. Бірақ бұл дәлелімізге әкімдік көзін жұмып қарап отыр, дейді ашынған тұрғындар.

Юлия ВОЛЬФ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің жанайқайымызға құлақ аспай отырған қала билігінен бұл бассыздықты тоқтатуды сұраймыз! Бұл жерде үш құбыр бар. Жылу құбырының 7 метр, су құбырының 4 метр, газ құбырының 2 метр қорғалатын аумағы бар емес пе? Қоқыс аламын деп қазып, газ құбырына тиіп кетсе, не істейсіздер?


Әкімдіктегілер басқа  көрші үйдің тұрғындарының сұрауымен қоқыс жәшіктері шынымен де бұрынғы орнына қойылатынын растады.  Бірақ, бұл ешқандай қауіп төндірмейді дейді

Аманбек ШАЛАБАЕВ, АҚТӨБЕ қ. АЛМАТЫ АУДАНЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жарылысқа қауіп жоқ! Бізде газ мекемесінің берген хаты бар, охраняемая зонада 2 метр жерде газ құбыры өтіп жатыр деген. Біз сол кісілермен қазір согласовать етіп жатырмыз. Егер салуға рұқсат берсе, жаңадан сол жерге қоқыс алаңын көтеретін боламыз. Рұқсат бермесе, басқа шешім қараймыз.

Қоқыс алаңын қоятын басқа жер жоқ, айналада бос орын қалмаған дейді  әкімдік өкілі. Ал  жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін жәшіктердің сырты  қоршалады.  Бұл жұмыстарға қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз.    Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Бірақ, тұрғындар әкімдік осылай шешті екен екен деп қарап отырмайтынын айтады. Олар қоқыс жәшіктері осы жерге қайта қойылса, сотқа шағымданбақ.

Г. Сейтенова