Жер-жерде жанар-жағар май бағасы өскен. Көп тұтынатын газ бағасы аймақтарда шарықтап тұр. Ал Алматыда отын тапшылығынан май құю бекеттері жұмысын тоқтатыпты. Мегаполисте дизель атымен жоқ. Өңірлердегі жағдайды әріптестерім жеткізеді.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Оралда сұйытылған газ қымбаттап, 120 теңгеге жетті. Қазір жанармай бекеттерінде кезек күрт азайған. Өйткені жүргізушілер арзан газ іздеп, қаланы шырқ айналып жүр. Бірақ көпшілігінде жанармай жоқ, таусылып қалған.
Жергілікті атқамінерлер болса жағдайдан хабардар. Қордағы газ шамалы ғана қалғанын айтты.
Қансұлу ӨТЕПҚАЛИЕВА, БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Қазір қолымыздағы 200 тонна газ бес-ақ күнге жетеді. Электронды сауда алаңдарында да газ әлдеқашан таусылып қалды. Жағдайдың ушығуына Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы да әсер етті.
Мәселені шешуге қауқарсыз. Өйткені өңірлерге сұйытылған газдың бөлінуін Энергетика министрлігі реттейді. Олардың талабына сай, газ электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. Бүгінде Оралдағы сұйытылған газдың 65 пайызы осы жүйемен сатылады. Министрлік бекіткен шекті баға 38 теңге көлемінде. Ал электронды саудаға түскен отын үш есеге қымбаттап, тоннасына 170 мың теңгеге дейін жетеді екен.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Әзірге аймақта бензин мен дизельдік отын емін-еркін сатылып жатыр. Бірақ бір апта бұрынғы бағамен салыстырғанда, бензин кемінде 10 теңгеге қымбаттаған. Өңірде жағдай мұндай болып жатса, мегаполисте жанар май құю бекеттері жабылып жатқан көрінеді. Әріптесім Әсем Лесбек айтып береді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Иә, Еркін. Сұйытылған газ мәселесі Алматы қаласында айналып өтпеді. Мұндағы автокөліктердің көпшілігі газбен жүреді. Жүргізушілердің айтуынша, қазір газ құю орындарының көбі жабық тұр. Жұмыс істегендерінің өзінде баға екі есе өскен.
Тапшылықтың неден туындағанын көлік жүргізушілері түсіне алмай дал. Автогаз сататын бекеттерде сұйытылған газ жоқ, бары талонмен береді. Көгілдір отын іздегендер қаланы шарлап сабылуға мәжбүрміз дейді.
БЛИЦ:
- Все время келесің, болмайды газ. То талон то карта сондай.
- Бізде мұнай бар, бәрі өзімізден өндіріледі. Бірақ білмеймін газдың бағасы күннен күнге өсіп жатыр.
Экономист Мақсат Халық баға халықтың қалтасы сай болуы тиіс дейді. Сондықтан жалақының орташа деңгейін арттыруды ұсынады.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Газ бағасы болсын, жанар-жағармайдың бағасы болсын әлем бойынша салыстырғанда бізде салыстырмалы түрде төмен. Құнын алдағы уақытта өсіреміз деген ниет болса, онда халықтың табысын арттырып алу керек.
Маман газ бағасының тұрақталуына әлі біршама уақыт керек. Тапшылық мәселесіне Үкімет шешуге міндетті дейді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Мұнай зауыты бар Павлодарда да баға ырық берер емес. Әріптесім Өзгеріс Қуанар жағдайды баяндайды.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Иә, Әсем. Мұнай зауыты болса да, Павлодар облысында да жағдай мәз емес. Жағар-жанармай құны шарықтап тұр. Әсіресе, дизель отыны күрт қымбаттады. Литрі 290-330 теңге аралығында сатылып жатыр.
Халық жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы да күн санап өсіп барады. Көлікке құятын газда айтарлықтай өскен. Бұрын 85 теңге болған газ қазір 125 теңгеге жетті. Халық бағаның бағынбай бара жатқанына наразы.
БЛИЦ:
- Ең арзан бензин қазір 180 теңге, 200 теңге. Дизель деген 300-ден асып кетті. Қарапайым халық деген түгел көріп отыр. Не көрседе қарапайым халық көреді.
Жағдайдың ұшығуынан болар, Павлодар мұнай зауыты жөндеу жұмыстарын жылдағыдан ерте аяқтаған. Бүгіннен бастап зауыты өз жұмысын жандандырды.
Сағыныш НҰРКИНБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бағаның мониторингі күн сайын жүргізіледі. Баға тұрақталады деп сенем.
Шенділер өңірде жанармай тапшылығы жоқ – деп сендірді.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Жергілікті шенділер бағаны бағындыра алмайтындарын мойындайды. Өйткені, бензиннің құнын нарық өзі реттейтінін жеткізді. Электронды сауданы ойлап тапқан жауапты министрлік болса, мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат беруге асығар емес. Сауал жолдадық, енді жауап күтеміз.
Ө.Қуанар, Ә. Лесбек, Е.Карин