$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда мас жүргізушілер күрт көбейген

AstanaTV
16.11.2021ж. 20:00
2922
Қызылжарда мас жүргізушілер күрт көбейген

Қызылжарда мас жүргізушілердің саны күрт көбейген. Бір аптаның ішінде тәртіп сақшылары 50 адамды ұстады. Жалпы былтырғы жылмен салыстырғанда жол ережелерінің бұзылуы еселене түсті, дейді полицейлер. Теріс статистикаға не себеп? Жауапсыз жүргізушілерге қандай жаза қолданылып жатыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Тапа тал түсте Қызылжардың орталық көшесінде жөнсіз ерсілі-қарсылы жүрген  Лада көлігі бірден жұрттың назарына ілінген.  Көше бойындағы көліктер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген темір тұлпарды полицейлер тоқтатты. Ішімдіктің иісі аңқып тұрған жүргізушінің, масайып алғаны айдан анық болды. Медициналық сараптама жасалып, көлік иесі 7 жылға жүргізу куәлігінен айырылды.

КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Жасым жетпіс сегізде. Жоқ қателестім, алпыс сегіздемін. Полицейлер мені Жамбыл көшесінде тоқтатты. Неге ұстағанын білмеймін. Арақты соңғы рет бір ай бұрын іштім. Ал бүгін сок қана іштім.


Соңғы бір аптаның ішінде полицейлер ішімдік ішіп көлік басқарған 49 жүргізушіні қолға түсірген. Арасында жүргізу құқығынан айырылғандар да бар. Бүгінде бұқара заңға енжар қарайтын болған, дейді тәртіп сақшылары. Себебі, былтырғымен жылмен салыстырғанда құқықбұзушылықтар біршама өсіпті.

Айдын БАЙМАТОВ, СҚО ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жыл басынан бастап біз мыңға жуық мас жүргізушіні ұстадық. Ал былтыр осы кезеңде 850 адам болды. Статистикаға қарасақ, көлік жүргізушілері түрлі ағаттықтардан сабақ алмай жатыр. Көшеде тәртіп орнату үшін біз ара тұра түрлі рейд шараларын жүргізіп жатырмыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Мас жүргізушілерге қатысты ереже соңғы рет 2019 жылы қатаңдатылған. Ішімдік ішіп рөлге отырған адамдарды жүргізу куәлігінен айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Бірақ соңғы кезде дендеп жатқан теріс статистиканы бәсеңдету үшін жазаны тағы күшейткен жөн бе? Сіз қалай ойлайсыз?

А. Құрманкин