"Субсидия көлемі көбейтілсін, болмаса тарифті көтереміз". Қостанайдағы жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар осындай талап қойып отыр. Компания өкілдері жергілікті биліктен жол ақысын көтеруді сұрайды. Себебі дизель отыны мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы оларды тығырыққа тіреген көрінеді. Ал тарифтің өсуіне қала тұрғындары келісе ме? Сауалдың жауабын Заңғар Санай іздеп көрді.
Жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектің бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Тарифті көтермесек жолаушылар тасымалы тығырыққа тіреледі, дейді компания өкілдері.Сондықтан олар жергілікті биліктен субсидия көлемін көбейтуді сұрайды.
Виктор МУЩИНСКИЙ, «ЖАРЫҚ -ЖОЛ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Жанар-жағар май 30 пайызға қымбаттады. Біз тығырыққа тірелдік. Ал субсидия біздің шығынның 25 теңгесін ғана жабады.
Тарифтік комиссия биыл шаһардағы әлеуметтік маңызы бар 34 маршрутқа 924 миллион теңге бөлген. Қомақты қаражаттың 90 пайызы игерілді. Әкімдік өкілі қазір қосымша қаржыландыру мәселесінің қарастырылып жатқанын жеткізді.
Нұрдәулет БЕЙСЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Тасымалдаушы компаниялар тарифтік есебін берді. Енді оны комиссия қарастырады. Содан кейін қаржыландыру, яғни субсидия көлемі анықталады.
Былтыр Қостанайда қоғамдық көліктерде электрондық төлем енгізілген болатын. Егер карта пайдалансаңыз-80 теңге. Зейнеткерлер -70, оқушылар 40 теңге төлейді. Ал электрондық картаңыз болмаса, тариф- 150 теңге. Тасымалдаушылар жол ақысын тағы 20 теңгеге көтергісі келеді.
БЛИЦ:
- И так зейнеткерлердің ақшалары аз ғой. 80 теңгені әрең табады
- И хлеб подорожал, если еще проезд, то это будет очень тяжело.
- Қазірде жол жүру ақысы қымбат ғой.Жалақы көтеріп жатқан жоқ.Қиын болады адамдарға.Халыққа.
Қазынадан бөлінген демеу қаржы 12 миллион жолаушыны тасымалдауға қарастырылған. Ал тасымалдаушы компаниялардың мәліметінше, олар одан екі есе көп, яғни 25 миллион адамды діттеген жеріне жеткізген. Сондықтан енді мемлекеттен қолдау болмаса, жағдайымыз қиындайды деген олар биліктен нақты шешім күтіп отыр.
З. Санай