Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жауапты министр жауабынан жаңылды ма?

AstanaTV
18.11.2021ж. 20:00
1225
Жауапты министр жауабынан жаңылды ма?

Жанар-жағармай бағасы реттелмейді. Жауапты министрдің жауабы - осы. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша нарық әлемдік брендтің бағасына тәуелді. Жыл бойы бағаны тұрақтандырамыз деп сендірген министрліктің бұл қай сасқаны? Тұрақсыздықты нарыққа итере салу қаншалықты дұрыс? Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуовтың репоржатында.

Кезекті сенат отырысы бүгін өзгешелеу өтті. Бюджет туралы заң жобасы қаралған жиынға үкімет мүшелері тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Депутаттар министрлерге біраз шүйлікті. Сенатор Ләззат Рысбекова жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы, тауар бағасын өсіріп жатыр,- деді. Қымбатшылық қысып барады деген сенатор, жауаптыларға тікелей сұрақ жолдады.

Ләззат РЫСБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Энергетика министрлігі 2022 жылы жанар-жағармай, оның ішінде дизель отыны бағасының өсуін тұрақтандыру мақсатында, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының өсуін ұстау бойынша қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр?

Жанар-жағар май бағасы шынымен ертегідегі Ер Төстіктен кем емес. Күн сайын құбылатынды шығарды. Әбден ақталудан шаршады ма, бұл жолы министр Мағзұм Мырзағалиев, баға тұрақталмайды деп шарасыздығын мойындады.  

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Естеріңізге сала кетейін, жанар-жағармай бағасы реттелмейді және осы жылы оның бағасын талқылау кезінде екі мәселені есте ұстауымыз керек. Ең алдымен, әлемдік брендтің бағасына тәуелділігі және екіншіден, көрші елдердегі қалыптасқан бағалардан айырмашылығы болмауы тиіс.

Бағаның тұрақсыздығын нарыққа итере салған министрліктің әрекеті, көпшіліктің ашуын шақырды. Өйткені отынның қай-қайсысы болмасын, қалта қағады дейді.

БЛИЦ:

- Негізі газбен жүрдім ғой. Уже газ қымбаттаған соң разница жоқ ғой. Бензин құйдың не газ құйдың не бәрібір. Газ бензинмен жүрмін.

- Үкіметте негізі құзырлы өкілеттілігі бар емес пе? Сонымен айналысатын. Солар жұмыс істесе бәрі жақсы болушы еді ғой. Қадағаламай қою конечно дұрыс емес.

- Әр қайсы адам, әр қайсы заправкалар өз еркімен баға қоя беретін болса, онда жоғарлата береді ғой. Сондықтан Үкімет араласқаны жақсы.

Саясаттанушы Марат Бәшімов министрдің жауабын сынға алды. Жауаптының бұл жауабы кәсіпкерлер мен деладалдардың жұмысын одан әрі жандандыруға жол ашады деп санайды.

Марат БӘШІМОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Мағзұм Мырзағалиев өзі министр иә. Сонда айтқаны қолдап отыр деген секілді. Өйткені қазір айтады, біз оны реттей алмаймыз десе, ертең баға деген бәріне өсіп кетеді. Оның бәрін қазір есітіп отырған кәсіпкерлер бәріде өзінің ақшасын қосып отырады. Ал сонда қарапайым азаматтар қалай қалай қарайды оған иә, тұтынушылар қалай қарайды?

Марат Бәшімов осыдан 10 жыл бұрын, мұнай зауыт салу мәселесі көтерілген еді дейді. Алайда сол кезде де жауаптылар оған  қажеттілік жоқ, баға бақылауда болады деп сендіргенін еске салды.  

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Дегенмен жеме-жемге келгенде шенеуніктер бағаны бақылай алмады. Ал, жанар-жағар май бағасы бағынбай кетсе, оның артынан барлық тауардың қымбаттайтыны айтпаса да белгілі. Үкімет өзге мүшелері сонда оны қалай шешпек?

Б. Сатуов