Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс көп

Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс көп

Тәуелсіздік жылдары  Ақмола облысында   55 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған емдеу орталықтары қажетті құрал-жабдықтарпен толық қамтамасыз етілген.  Дәрігерлер де үнемі біліктілігін арттырып, білімін жетілдіріп отырады.  Бұл -халық денсаулығын нығайтудағы ең  маңызды міндет.  Аймақта медицина саласы бойынша атқарылып жатқан оң өзгерістер туралы тілшіміз Бекболат Сатуов айтады.  

Облыстық бейіндік балалар ауруханасы   405 орынға лайықталған.  Емдеу мекемесі  озық үлгідегі  құрылғылармен  толық жабдықталған.   Балаларды оңалту орталығы да бар. Қазір мұнда 60-қа жуық бала ем алып жатыр.  Медициналық орталықтың дәрігерлері өте тәжірибелі, үнемі біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіріп отырады.   Биыл  облыс әкімінің грантымен 12 маман  арнайы курстан өткен.   

Жанар ӘУБӘКІРОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Медициналық жабдықтармен жыл сайын қамтамасыз етілеміз. Қазіргі күні міне біздің ауруханада 30 жылда жаңадан жақсы-жақсы бөлімшелер ашылды. Бұлар нейрохирургиялық бөлімше, жақ-бет бөлімшесі. Бұрын бізде жасалмаған оталардың барлығы қазір өзімізде ауруханада жасалады.


Көкшетау қаласындағы №1 қалалық емхана да- тәуелсіздіктің туындысы.  Емдеу орнында 92 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. 500-ден астам қызметкер еңбек етеді.   

Рүстем ИСМАҒҰЛОВ, "VIAMEDIS" ЖШС КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Емханамызда томографиялық аппарат, МРТ, ренгтен, ультрадыбыстық қондырғылар бар. Тұрғындар ешқайда сабылып жүрмейді. Сондай-ақ Көкшетау қаласында үлкен,  тәулік бойы жұмыс істейтін оңалту орталығы салынып жатыр. Бұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін істеліп жатқан шаруа.    

Бел ауырып, балтыр сыздаса кез-келген емдеу мекемесіне барып, ем-дом алуға кедергі жоқ. Дәрігерлер әрдайым жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге дайын.   Шалғайдағы елдімекен тұрғындары санавиацияның  көмегіне жүгіне алады.  Бұл- тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен теңдессіз мүмкіндіктер дейді,жауаптылар.

Нариман СЫЗДЫҚОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласында біздің облыс үлкен жетістіктерге қол жеткізді.  90 жылдары ауруханаларымызда көп нәрсе жоқ еді, қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтін.    Жарық өшіп қалып, дәрігерлер шамның жарығымен жұмыс істеген кездері де болды.  Дәрі-дәрмек табу да қиын болатын. Бірақ, оның барлығы артта қалды ғой. Тәуелсіздік бізге көп нәрсе берді. Керемет мүмкіндіктер сыйлады.  
 

Аймақта денсаулық сақтау саласын  жетілдіру үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді.  Соның негізінде тегін медициналық қызмет, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету,  балалар реабилитациялық орталықтары мен ана және бала орталықтары, нейрохирургия, жедел медициналық көмек, кардиология орталықтарын қамтыған кластерлік жүйе қалыптасты. Биыл жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді.
 
Б. Сатуов