$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ежелден келе жатқан киіз басу қолөнерін жаңғырту

AstanaTV
15.04.2016ж. 20:00
8554
Ежелден келе жатқан киіз басу қолөнерін жаңғырту

Қызылордалық шеберлер киіз басу маусымын бастап кетті. Олар ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ата-бабадан қалған осы қолөнер түрін жаңғыртуға бел буған. Сондықтан киіз басу үйірмесін ашты. Сырмақ, текемет, түскиіз секілді киізден жасалған өнімдер бүгінде үлкен сұранысқа ие. Әріптесім Шарипа Сақтапова да шеберлерден дәріс алып қайтты.

Киіз басу технологиясы - күрделі іс. Ақыл-оймен ғана емес, жүрегіңмен, саусағыңмен сезінуді талап ететін өнер, - дейді шебер аналарымыз. Киізден нақты мата шыққанша, біршама тер төгіліп, қой жүні әбден иленеді.

Ақлима Құлымбет, шебер:

Мынау жабағы жүнді әртүрлі бояуларға бояп, жүндерді шүйкелеп аламыз, оюдың түріне ыңғайландырып. Сосын барып текеметті сумен басып, біріктіріп алғаннан кейін, бетіне өзіміз қалаған оюымызды саламыз.

Кішкентай кезінен аналары мен әжелерінен дәріс алып өскен шеберлер елуден астам ою-өрнектің түрін біледі. Олардың әр-қайсының өз мағынасы бар. Мысалы, мынау қошқар-мүйіз байлық, молшылық пен берекені білдіреді. Бұл ою 18-19 ғасырларда әйгілі болған. Десе де киіз басу өңірінің патшасы - көшпелі қазақтың киіз үйі. Суық пен шыжыған ыстықтан, жауын-шашыннан қорғаныш болған үйдің төсеніштері де киізден жасалған текемет, сырмақ, түскиіздер бар.

Гүлжахан Асауова, шебер:

Ертеректе қан кеткен кезде киізді күйдіріп басқан. Шала туылған балаларды ораған тымаққа салған, қойдың жүнін алып, иіріп, мынау кеудеше, қолғап, шалғы - бәрін тоқып, соны ата-бабамыз көп пайдаланған.

Қойдың күзем жүнінен басқа да керемет дүниелер жасалып жатыр. Өзіндік эксклюзивті орамал, қалпақ, қалта, дорба, байпақтар мен жастықтар. Киіз өнімдерінің түрлері көп. Кезінде шеберлерден текемет сатып алған Ақмарал Жұмағұлова қызыққаны соншалық, үйірмегі жазылыпты. Қазір еденде тек табиғи киіз кілемін төсеп, жалаңаяқ жүруді жөн көреді.

Ақмарал Жұмағұлова, оқушы:

Киіз жайған ешқандай артықшылығы жоқ. Оның денсаулыққа да, қазіргі таңда ғалымдар дәлелдеп жатыр, кизідің пайдасы өте зор: қан айналымына, денедегі тұздың болмауына.

Жарты ғасыр бұрын ата-ана тұрмыс құрып жатқан қыздың жасауына міндетті түрде киізден жасалған дүниелер берген. Киіз үйлердің төрін жайнатқан. Бүгін тек оларды кездестіру некен-саяқ. Сондықтан қызылордалық әжелер осы ата-бабамыздың асыл мұрасын сақтап, бүкіл әлемді таң қалдырған киіз басу өнерін ұрпақтарға аманат етуге ниеттеніп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА