$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Бүгін Ұлттық ғашықтар күні

AstanaTV
15.04.2016ж. 20:00
4704
Бүгін Ұлттық ғашықтар күні

Бүгін ғашықтар мерекесі. 15 сәуір - Қозы Көрпеш- Баян Сұлу күні деп айдар тағылған мереке міне алты жылдай бейресми түрде тойланып келеді. Өкінішке орай, айтулы күн жайлы бұқара хабарсыз. Әсіресе, солтүстік өңірлердің тұрғындары біле бермейді. Алайда, оңтүстік жақта жағымды үрдіс байқалады. Сүйіспеншілік пен махаббатты дәріптейтін мереке өңірлерде қалай өтті? Тілшілеріміз байқап қайтты.

Жыл басынан бері Павлодар қаласында 351 жұп бас қосып, шаңырақ көтерген. Ал дәл бүгін, яғни сәуірдің 15-і - ұлттық ғашықтар күні мерекесінде, 16 жұп ресми түрде ерлі-зайыпты аталып жатыр. Алайда, олар отбасы көтерген бұл күннің мереке екендігінен бейхабар.

Некесін қидырғандар Эльдар мен Зина да бүгінгі мерекеден хабарсыз.

Эльдар – Зина: 

Бүгін елімізде ғашықтар күні екенін білмедік. Естіп, қуанып жатырмыз. Демек біз махаббат мерекесінде отау құрдық.

Еңбек ардагері Тоқтар Мүбәрәков үшін бүгін айтулы дата. Туған күні. Ал сүйіспеншілік пен махаббатты ту еткен Қозы Көрпеш - Баян Сұлу мерекесінің ұлттық деңгейге көтерілуін құптарлық,- дейді. Әсіресе, ұмыт қалған салт-дәстүрді жаңғыртып, таза сезімді дәріптейді. 

Тоқтар Мүбараков, Еңбек ері:

Сен үйленгенде, оның қызметіне, оның байлығына, анау-мынауына қарама. Тек өзің ұнататын, көңілің сүйетін, жақсы отбасының қызына үйлен дейтін. Сол әкейдің арманын біз орындадық. Осы күнге дейін тұрып жатырмыз. 48 жыл болды. Сыйластық, сосын тәртіп. Тәртіп болған жерде бәрі болады.

Жаһандану үрдісінен махаббат, сүйіспеншілік ұғымдары ұсақталып кетті,-деп есептейді психологтар. Бір кездері айтылмаған дүниелер қазір ашық, жариялы. Сонысымен қоғамға қауіпті.

Светлана Гринченко, психолог:

Көбі махаббат пен ғашықтық сезімін шатастырып жатады. Ол - екі бөлек дүние. Ғашықтық адам өмірін талқандап кетуі мүмкін. Ал, шынайы махаббатта, керісінше, ол біріктіреді. Тұрақтандырады. Сосын сүйіспеншілік ұғымы жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. 

Тараз студенттері де мерекені өзінше атап өтті. Белсенді жастар өз қаржыларына арнайы құттықтау жүрекшелерін жасаған. «Қозы мен Баянның» символикалық суреті бейнеленген жүрекшелерді олар қатарластарымен қоса, үлкендерге де сыйға тартты.

Сәлеметсіздер ме! Бүгін 15 сәуір -«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні.  Мерекемен құтықтаймын және бақыттарыңыз баянды болсын.

Шымкентте «Махаббат - мәңгі ертегі» деген тақырыппен әдеби-музыкалық кеш өтті. Студенттер көрнекті  жазушы-драматургтердің  сүйіспеншілік, ғашықтық сезімін арқау еткен көркем туындыларынан үзінділер сахналап, әндерін орындады.

Ерасыл Ділдәбек, студент:

Мен өзім Қозы көрпеш -Баян сұлу  күнін Валентин күнінен өте қатты жоғары қоямын. Мен үшін Валентин күні жоқ. Барша қазақ жастарында солай болуы керек  деп ойлаймын өзім.

Алматылықтар да бүгінгі мереке жайлы хабардар. Ғашықтардың басым бөлігін саябақтан кездестірдік. Бірақ олар насихаттың аздығына қынжылады.

Оған негізгі себеп - жастардың жеңіл-желпі қарауы. - Себебі реклама дейміз ғой, афиша, жарнамалар жоқ. -Мереке болса екен, газет-журнал, ТВ жастарға арнайы жақсы мереке өткізсе екен.

Бұл мереке әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі. Алайда, Азия, Еуропа, Американың көптеген елі махаббат күнін ақпанда тойлайды. Бүгін қазақстандықтармен бірге ғашықтар мерекесін грузин халқы мерекелеп жатыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ