$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Иран президенті ядролық келісімнен кез келген уақытта бас тарта алатынын мәлімдеді

AstanaTV
16.08.2017ж. 20:00
2555
Иран президенті ядролық келісімнен кез келген уақытта бас тарта алатынын мәлімдеді

Иран әлемдік державалармен жасалған ядролық келісімнен кез келген уақытта бас тарта алады. АҚШ-тың жаңа санкцияларына қарсы болған Иран президенті осындай мәлімдеме жасады. Жақында ел президенті болып қайта сайланған Хасан Рухани парламентте сөз сөйлеген болатын. Онда: "АҚШ бұл тәжірибеге қайта оралғысы келсе, Иран, сөзсіз, оған бір ай, бір апта ішінде емес, бірнеше сағаттың ішінде келе алады", - деп сес көрсетті.

Иран тарапы АҚШ-тың жаңа санкциясы 2015 жылғы келісімді жояды деп отыр. Ол кезде ядролық бағдарламаны шектеп, оның орнына санкцияларды жұмсарту туралы Иранмен келісім жасалған еді. Оған Ираннан өзге Қытай, АҚШ, Ресей және үш еуропалық держава қол қойған. Хасан Рухани "Трамп келгелі, Америка халықаралық келісімдерді елемей, уәдесін бұзғанын әлем көріп отыр" деп мәлімдеді.

Айта кетейік, АҚШ қаржы министрлігі ирандық 6 компанияға санкция салды. Бұл Тегеран спутникті орбита шығаратын зымыранды ұшырған соң қолға алынды. Ал компаниялар баллистикалық зымыран бағдарламасын жүзеге асырды деп айыпталып отыр. Алайда, Иран зымыран ядролық қару мақсатында жасалмағанын мәлімдеді. Дегенмен, АҚШ конгрессі мақұлдаған заңға Дональд Трамп қол қойып, Иранмен қоса Солтүстік Корея, Ресейге жаңа санкциялар енгізілді.