Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақмола облысында өңдеу кәсіпорындары қарқынды дамып келеді

AstanaTV
29.11.2021ж. 20:00
1054
Ақмола облысында өңдеу кәсіпорындары қарқынды дамып келеді

Ақмола облысында тәуелсіздік жылдары 35 ірі өндіріс орны ашылды. Замануи үлгідегі кәсіпорындар облыс экономикасын еселеуге үлкен  үлес қосуда. Әсіресе, өңірде өңдеу өнеркәсібі өркендеп тұр. "Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалардың  қолдауы зор",- дейді ауылдағы ағайын. Елдегі берекелі тірлік туралы тілшіміз Бекболат Сатуовтың репортажы.  

Өңірдегі барлық зауыт пен фабрика әлемдік стандарттарға сай  заманауи технологиялармен жабдықталған.  Солардың бірі -Макинск құс фабрикасы. 1500-ге жуық қызметкері бар ірі кәсіпорын жылына 25 000 тонна құс етін өндіреді.

Роман РОМАНОВ, «МАКИНСК ҚҰС ФАБРИКАСЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл - ең заманауи құс фабрикасы. 2022 жылдың қазан-қараша айларында қуаттылықты 30 пайызға арттырып, кәсіпорында 100 мың тонна ет өндірілетін болады. Бұл- керемет жетістік. Біз Ресей, Беларусь, Украина секілді елдермен теңесе аламыз.

Жалпы өңірде кәсіпкерлік саласында оң серпін бар. Мемлекеттің қолдауымен бизнес бастап, өз күнін өзі көретіндер саны артуда.  Бурабай ауданы  Атамекен ауылында   жеке кәсіпкер  өзі  табыс тауып қоймай, өңір тұрғындарын сүт өнімдерімен  қамтамасыз етіп отыр. Алғашқыда  20-30 сиырмен бизнес бастаған Болат Әбдірахмановтың шаруашылығында қазір  600-ге жуық мал бар.  Кәсіпкер мемлекеттік  бағдарламалардың көмегімен  шаруашылық жұмысын дөңгелетіп отырмын дейді.  

Болат ӘБДІРАХМАНОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Алғашқыда менің мақсатым мал санын 200-ге жеткізу болатын, кейін алдыма онан да биік міндеттер қою керек екенін түсіндім.  «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Агрокредиттік корпорация» арқылы 88 млн теңге несие алып, оған Чехиядан 96  ірі қара мал сатып алдым, оның 60 -ы -монбельярд тұқымды және 36 -ы симментал тұқымы.

Кәсіпкер сүт өнімдерін  көршілес облыстарға да жеткізеді. Қазір кәсіпорында 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Өндіріс орны жылдан жылға  жаңа технологиялармен толықтырылуда. Сиыр сауу пункті толық автоматтандырылған. Аймақтағы тағы бір іргелі  өндіріс орнының бірі - "Гормолзавод". Дәмі тіл үйірер балмұздығымен және өзге сүт өнімдерінің сан алуан түрімен танымал компания облыс экономикасын арттыруға үлес қосып келеді.  Кәсіпорында 50-ден астам өнім дайындалады. Өнімдерді Өзбекстан, Корея, Ресейге  экспорттау жоспарда бар.

Ерсайын ЖАҚСЫЛЫҚОВ, «ГОРМОЛЗАВОД» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Біз бірінші кезекте  халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат етеміз. Біздің  мемлекеттік қолдаудың арқасында жемісті еңбек етіп келеміз.    Жазда-130 тонна, қыс мезгілінде -100 тонна өнім өңдейміз.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі тәуелсіздік жылдары әжептеуір ұлғайған. 30 жылда  10 млн-нан 1 трлн теңгеге жетті.  Әсіресе,   өңдеуші өнеркәсіп  қарқынды дамып келеді.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ақмола облысы елімізде қайта өңделетін уранның әрбір 10-ші тоннасын, мойынтіректердің 100%-ын, астық жинайтын комбайндардың 67%-ын, мамандандырылған автомобильдердің 47% - ын, алтыны бар кеннің 45%-ын, жартылай өңделген алтынның 27%-ын, тракторлардың 43%-ын, құс етінің 38%-ын өндіреді.


Алдағы жоспар да ауқымды. Биыл жыл аяғына дейін тағы 34 жоба жүзеге асырылмақ. Соның негізінде 1400 жаңа жұмыс орны ашылады.


Б. Сатуов