Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Kaspi.kz IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттыруға мүмкіндік берді - Қ.Тоқаев

AstanaTV
07.12.2021ж. 20:00
742
Kaspi.kz IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттыруға мүмкіндік берді - Қ.Тоқаев

Шет елден тартылған инвестициялар Қазақстан дамуының негізгі факторына айналды. Бұл тұста Kaspi.kz IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттыруға үлкен мүмкіндік берді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші халықаралық инвестициялық компания өкілдерімен кездесу барысында айтты. Толығырақ алдағы сюжетте.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық алпауыт компания басшыларының басын қосты. Ол шетелдік инвестициялар ел дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын дамытып, портфельді инвесторларды елге тартуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Бұл бағытта Kaspi.kz -тің IPO-сына ерекше тоқталып,  капитал нарығының динамикасын арттырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қаржы технологиясы бойынша аймақтағы көшбасшы Kaspi.kz-тің IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттырып, ілгерлеуіне үлес қосты. Осы саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстардың арқасында біз Орталық Азиядағы ең ірі әрі посткеңестік кеңістікте жылдам дамушы экономикаға айналдық.

Алқалы отырыста инвесторлар да, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтере алған Kaspi.kz-тің жұмысын атап өтті. Елге инвестиция тарту бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

Даг СНАЙДЕР, "LUXOR CAPITAL" ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жеке нарықтарға ғана емес, сонымен қатар жетекші корпорациялар мен салаларға шоғырланғанбыз. Біз Kaspi.kz-ке инвестиция салғанымызға өте қуаныштымыз. Мен сіздің мемлекетті, мұнда бар нарықтарды одан әрі зерттеуді жалғастырамын. Болашақта керемет серіктестік болады деп үміттенемін!

Жиын барысында инвесторлар, жетістіктерімен таң қалдырған Kaspi.kz ел үшін маңызды компания екенін атап өтті. Олар енді Қазақстанды шикізат ресурстарына бай мемлекет ретінде ғана емес, технологиялық әлеуеті зор ел ретінде қарастыратындарын айтты. Өйткені Kaspi қазір бірегей бизнес үлгісі ретінде көптеген елдерге үлгілі компаниялардың бірі болып отыр.

Адам МОНТАНАРО, "ASSET MANAGEMENT" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, елдің орасан зор әлеуетін талқылау мен үшін үлкен мәртебе болды. Қазақстан – экономиканы цифрландыруға көмектесу арқылы инвесторлар мен мемлекетке керемет құндылықтарды әкелген әлемдегі ең мықты супер қолданбалардың бірі – Kaspi.kz-тің отаны.


Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындай келе, бұл кездесу Қазақстан капитал нарығына шетелдік инвестицияларды көптеп тарту туралы пікір алмасуға тамаша мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ мұндай форматтағы кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажет, дейді.

Б. Сатуов