Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Пара алды деген күдікке ілінген Атырау облыс әкімінің орынбасарына қатысты жаңа деректер шықты

AstanaTV
13.12.2021ж. 20:00
3014
Пара алды деген күдікке ілінген Атырау облыс әкімінің орынбасарына қатысты жаңа деректер шықты

Пара алды деген күдікке ілінген Атырау облыс әкімінің орынбасары туралы жаңа деректер пайда болды. Қалалық мамандандырылған тергеу соты Бақытгүл Хаменованы уақытша ұстау изоляторынан босатты. Енді күдікті  үй қамағында отырады. Жауапты мекеменің бұл шешімге келуіне бірнеше себеп бар. Айтуларынша, айыпталушы ешкімнен қашпаған, кәмелетке толмаған балалары бар және бұрын сотты болмаған. Сонымен бірге, жұма күні осы іске қатысы болуы мүмкін деген күдікпен   облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев та ұсталды. Оларға Атырау қаласында құны 145 миллион теңге болатын Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін жеке серіктестік басшысынан алдын ала сөз байласу арқылы 4,5 миллион теңге пара алды деген айып тағылып отыр.  

АТЫРАУ қ. МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТЕРГЕУ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


Сот күдікті жалғыз басты әйел, Атырау қаласында тұрақты мекен-жайы барын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотталмағанын, жалғыз өзі екі жас баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың біреуі бала кезінен мүгедек болып табылатынын, асырауында қарт анасының бар екенін назарға алып, процестік заңнамада көзделген шектеулерді белгілей отырып,  үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажеттігі туралы қорытындыға келді.

Естеріңізге сала кетейін, Бақытгүл Хаменова осыдан бір жарым жыл бұрын Атырау облысы әкімінің орынбасары боп тағайындалған. Бұған дейін VI шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған.  

Ержан ҚАЛЫМБАЙ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы Хаменова жұма күні жұмыста болды. Бүгін дүйсенбі күні жұмыста жоқ.  Бізге сот тарапынан ресми ешқандай қаулы келген жоқ. Қаулы келген жағдайда ғана әкімдік шешім қабылдайды.

А. Данияр