Бүгін
Алматыда балалар үйі мен көп балалы отбасылар және жағдайы төмен жанұялардың
балғындарына арнайы тарту жасалды. «Нұр
Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының
мұрындық болуымен 350-ге жуық бүлдіршінге жуырда ғана қазақша сөйлеген «Джунгли
кітабы» туындысын тегін тамашалауға жағдай жасалды. Режиссер Джон Фавроның
отандық дубляж шеберлерінің атсалысуымен қазақша тәржімаланған киносы балаларды
жануарлар әлеміне сапар шеккізді. Жаңа достармен жүздесіп, мәз-мейрам болысты.
Бас партия жүзеге асырып отырған
«Бақытты балалық шақ» жобасы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жанұядағы
тәрбиенің маңыздылығын түсіндіріп келеді. Сондай-ақ тастанды балалардың
тағдырына ара түсіп, ондай көріністердің қоғамда белең алмауына атсалысуда.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ» ассоциациясы соңғы бес жылда голливудтық блокбастерлерді қазақша тәржімалауға кіріскен.
Әділет
Керімбеков, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының саяси жұмыстар
бөлімінің меңгерушісі:
«Джунгли
кітабының» қазақша тәржімаланып көрсетілуінің себебі «Нұр Отан» партиясы
«Болашақ» ассоциациясымен бірлесіп, соңғы бес жыл көлемінде 10-нан астам
голливудтық әйгілі блокбастерлерді қазақ тіліне аударып көрсетті. Бұның мәні
өте зор деп ойлаймын.
Балалардың
қазіргі блокбастер фильмдерді қазақ тілінде көруіне мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттік тілді дәріптеу, өскелең ұрпақтың қазақ тіліне деген
сүйіспеншілігін арттыру деп білеміз.
Айгүл
ЕРМАХАН