Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбеде жиырма шақты автобус жүрмей қалды

AstanaTV
14.12.2021ж. 20:00
1864
Ақтөбеде жиырма шақты автобус жүрмей қалды

Ақтөбеде жиырма шақты автобустың жүргізушісі  бүгін жұмысқа шығудан бас тартты. Себеп – жалақының аздығы. Жолаушылар автобусына жаппай валидатор құралы қойылып, электронды билет жүйесі енгізілгелі бері аймақта жүргізушілердің наразылығы жиілеген. Оның зардабы қарапайым халыққа тиіп жатыр. Жағдай неге шиеленісіп барады? Мәселені кім шешеді? Өңірдегі тілшіміз Гүлвира Сейтенова  баяндайды.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Ақтөбелік автобус жүргізушілері қит етсе жұмысқа шықпай қалуды әдетке айналдырған. Олар биыл осымен алтыншы рет жолаушы тасудан бас тартып отыр.

Бүгін  «Автопарк» мекемесінің 17 автобусы жолға шыққан жоқ. Бұл- қаладағы халық көп мінетін 21,24 және 26 бағыттағы қоғамдық көліктер. Тұрғындардың айтуынша,  автобустар кеше түстен кейін-ақ  көрінбей кеткен.

БЛИЦ:

- Кеше, бүгін, кеше 15-ші автобус дұрыс жүрген жоқ, бүгін қарап тұрсам, 26-шы автобус жоқ. Адамдар 1 сағат күтіп, таксиге отырып кетіп жатыр.   Неліктен екенін білмеймін, көбі айтады, ақшасын төлемеген, соған жүргізушілер бастовать етіп жатыр деп. Қыстың күні қиын ғой 1 сағат аялдамада тұрған, салқын.  
- 30-40 минут сайын жүреді. Осындай остановка істемей тұрса, сыртта тоңып тұрасың.
-  Мынау не масқара? Біздің билік қайда қарап отыр?


«Автопарк» мекемесінің  директоры Ақарыс Тілеулесовтың айтуынша, кеше түстен кейін 37 автобустың жүргізушісі  көліктерін ескертусіз тұраққа қойып кетіп қалған. Бүгін соның жиырмасы жұмысқа шықты. Қалғаны райынан қайтар емес. Жүргізушілер сыйақының қиылғанына өкпелі, дейді. Электронды билет жүйесіне көшкелі жолда тәртіп бұзған жүргізушілердің сыйақысы азайған.

Ақарыс ТІЛЕУЛЕСОВ, «АВТОПАРК» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


10 мың теңгеден 50 мың теңге арасында сыйақы қиылды. Ол біз ілік іздеп, жайдан-жай емес. Ол бір жүргізушіде бірнеше рет қайталануы, дөрекілігі, жолаушылардан шағым түсуі, оқушыларды алмай кетуі, кемістік сөздер айтуы, аялдамадан өтіп кетуі, балағат сөз айтуы.

Қазір қаладағы жолаушылар тасымалында жүргендердің орташа жалақысы – 200 мың теңге. Автобус паркінің басшысы енді жұмыс кестесін бұзған, бірақ желіге шығуға ынтасы бар жүргізушілердің сыйақысын қайта қарап, бір мүмкіндік береміз деп отыр. Оларды жұмыстан шығара алмайды, себебі аймақта автобус жүргізетін маман тапшы.   

Г. Сейтенова