Ештеңе мәңгілік емес, бәрі уақытша. Өткен аптада жұртты осылай сабырға шақырған Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Әлеуметтік желідегі парақшасына, қоштасу жазбасын қалдырған экс министр, басқа салаға ауысып жатқанын меңзеген. Шенеуніктің аяқ-асты жұмыстан кетуіне не себеп? Халық бұл өзгерісті қалай қабылдады? Әріптесім Асылбек Данияр анықтауға тырысты.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЭКС-МИНИСТРІ:
Даже ковид временный. Мы надеемся, что он снизойдёт, может быть, в следующем году.
Денсаулық сақтау министрі осы кезде-ақ, халықпен қоштасқан болар. Тоқсан сайын коронавирустың жаңа болжамын ұсынатын Алексей Цой өткен аптадағы Үкімет отырысында келесі жылы COVID-19-дан құтылуымыз мүмкін деген еді. Айта кету керек, ведомство басшы бұл қызметке былтыр 25 маусымда тағайындалған болатын. Ол кезде індет күшейіп тұрған-ды. Ол өзіне жүктелген міндетті орындағанына сенімді.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЭКС-МИНИСТРІ:
Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою үшін қолдан келген жағдай жасадық. Барлық өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды. Жедел жәрдем машиналары көбейіп, өкпені жасанды желдету құрылғыларының саны артты. Отандық "QazVac" вакцинасы шығарылды.
Алексей Цойдың жылы орнын тастап кеткені саясаттанушыларды да таңқалдырды. Самат Нұртаза экс-министрді үкімет отставкаға кеткенше отырады деп пайымдаған. Айтуынша, бұл шешімді қабылдауға бір жағдай түрткі болған сияқты. Одан бөлек тағы бір нұсқасын жеткізді.
Самат НҰРТАЗА, САЯСАТТАНУШЫ:
Бірақ та шынайы проблема не екенін әлі қоғам білмейді. Мүмкін, мына Еуропаны шулатып жатқан коронавирустың жаңа түрі, "омикрон" штаммы дейміз ғой қиын болатынын білген біздің билік Алексей Цойдан да мықты бір маманды қоюды жөн көрген шығар.
Шенеуніктің кеткені халық үшін құдды тосын сый болғандай. Бұл өзгерісті көпшілік жақсылыққа балады.
БЛИЦ:
- Кеткені жақсы болды, дұрыс істеді.
- Министрдің жұмысына шындығымен өзімнің де көңілім толған жоқ жұмысына.
- Дұрыс болған шығар, өзіміздің қазақтың қара домалағы келген дұрыс қой.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойдың жұмыстан шығу өтінішін мақұлдап, пандемия кезінде белсенді жұмыс істегені үшін індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.
А. Данияр