«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Талдықорған қаласына сапары барысында партияның Алматы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты. Партия филиалының жаңа төрағасы болып облыс әкімі Қанат Бозымбаев сайланды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, Қанат Бозымбаев бұған дейін партияның Жамбыл және Павлодар облыстарындағы филиалдарын табысты басқарған болатын. Филиалдың жаңа басшылығының алдында партияның сайлау алдындағы міндеттерін одан әрі сапалы орындау, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру және халықпен кері байланысты күшейту міндеті тұр. Сондай-ақ конференцияда Бауыржан Байбек «Nur Otan» Саяси кеңесі Бюросының шешімімен «Белсенді қызметі үшін» партиялық сыйлығымен марапатталған филиалдың бұрынғы төрағасы Амандық Баталовқа атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Осы күні Төрағаның Бірінші орынбасары партияның «Өзгеріс жолы: Баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар, облыстық оқушылар сарайында 140-тан астам бала дизайн және бағдарламалау дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алған, «FAB LAB» жаңа инновациялық зертханасында болды. Одан әрі партия Төрағасының Бірінші орынбасары іскер әйелдер түрлі кеңестер алуға өтініш бере алатын Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысымен танысты. Бауыржан Байбек атап өткендей, жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың 11 айының қорытындысы бойынша Алматы облысында 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға берілді.538 шақырым жол жөнделіп, қайта салынған 27 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, партия еліміздің барлық өңірлерінде де осындай жұмыстарды атқаруда.
Ә. Дүкембаева