Қызылжарда ғаламтор арқылы синтетикалық есірткі сатқан адам ұсталды. 29 жастағы жігіт «спайс» деп аталатын улы затты өзінің шағын зертханасында дайындаған. Ал оны сату үшін арнайы сайт ашқан. Алайда, тұтынушылармен көзбе-көз кездеспей, есірткіні нашақорлар арқылы өткізіп отырыпты. Есірткінің заңсыз айналымы бірнеше ай бойы жалғасқан. Бірақ, күдікті азамат құқық қорғау органдарының назарына ілініп, жедел іс шаралардың нәтижесінде қолға түсті. Зертхананы тінту барысында есірткіні дайындауға арналған химиялық заттар, арнайы құрылғылар мен спайстың 250 граммы тәркіленді. Қазір полиция пысықайға қатысты қылмыстық іс қозғады. Заңға сәйкес, ол кемінде 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
А. Құрманкин