$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Шымкентте жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері наразылықтарын білдірді

AstanaTV
22.12.2021ж. 20:00
1120
Шымкентте жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері наразылықтарын білдірді

Жедел жәрдемдегілерге жәрдем керек. Бүгін Шымкентте жедел жәрдем қызметіндегілер бас көтерді. Наразылық білдіргендердің дені көлік жүргізушілері. Олар жалақыларын көтермесе жаппай жұмыстан кетуге бел буған. Жиналғандардың айтуынша, олардың айлығы соңғы алты жылда мүлде өзгермеген. Көліктің ақауын өз ақшаларына жөндейтіндерін айтқандар, тіпті қала ішінде жылдамдықты асырғанымыз үшін айыппұлды да төлеп жатырмыз деп шағымданды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жүргізушілер жедел жәрдем көліктері бұзылған жағдайда жұмыссыз қалатындарын да жеткізді. Дәл қазір мына жерде сегіз көлік қаңтарылып тұр. Жөндейтін құрал-сайманы жоқ. Салдарынан осыларды ауысып айдайтын ондаған жүргізуші ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр.
      
Шуласқан топ айлығымыз шайлығымызға жетпей қалды дейді. Соңғы алты жылда медицина қызметкерлеріне қосылып жатқан қаражаттан 1 тиын бізге бұйырмады дегенді айтты.

Құрбанәлі АМАНГЕЛДИЕВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:


70 мың - 80 мың айлығымыз. Ал ол қазір бір жілік ет алсаң бір жілік етке жетпейде қалады сол айлығымыз. Сосын енді осынша халық шулап шығып жатыр.
 
Данияр ҚОСАЕВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:


Неге именно водительдердің шоферлардың айлығы көтерілмейді? Мына пандемия болды. Ковидтің кезінде не деген жұмыс істедік мысалы, әуелі Алла, одан кейін скорыйдың арқасында талай қызметіміз өтті негізі. Оның бәрі неге бағаланбайды?!


Жүргізушілер көліктерінің ұсақ-түйек шығыны да, өз қалталарынан шығатынын жайып салды. Тіпті қызметтік киімді де сатып алуға мәжбүрлеген. Жылдамдық асырғаны үшін, айыппұл да қалталарынан төленетінін түсінбей дал.  

Серік ӘБДІХАНОВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Майда-шүйде нәрселерді өзіміз төлеп жатырмыз. –Неше жылдан бері?    --Осы жаңа машина алғалы. Арғы жағын есептей беріңіз. –Қанша болды жаңа машинаға алғанға? -Жаңа машианы 2019 жылдың декабрінде алдық.  

Сапарғали БЕКТҰРСЫНОВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Мен өзімнің бала-шағамды тасып жүріп штрафқа түскен жоқпын ғой. Ал одан кейін «енді штрафқа түспеймін» деп мен түсініктеме жазып бердім. Тағы да екі рет сөйтіп жазатын болсам мені жұмыстан қуады, болмаса строгый режим береді.

Мекеменің жауапты тұлғалары: айыппұл - шақыртудан тыс ереже бұзғандарға ғана қатысты дегенді жеткізді. Ал бұзылған көліктің шығыны жүргізуші есебінен шығып жатқанын растамады. Мекеме басшысы жақын күндері үш айдың үстеме ақысын беру жоспарда бар деді.

Гүлнар ҚҰРМАНБЕКОВА, ШЫМКЕНТ қ. ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Біз республиканский финансированиедеміз, местный емес. Құдай қаласа водительдер қызметкерлер октябрь, ноябрь, декабрь ковидтің ақшасын алады. Декабрьдің айлығын алады.

Шуласқандарды денсаулық сақтау басқармасының басшысы сабырға шақырды. Жедел жәрдемшілердің шағымын тыңдай келе көліктердің дөңгелігін желімдейтін мүмкіндікті жасап береміз деп уәде етті. Көптен күткен жалақыға қанша қосылатынын да есептеп берді.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұрынғыдай үстеме ақы алмайсыздар. Себебі риск азайып отыр. 1-қаңтардан бастап 2022 жылдың 1,23 төленеді. Ол шамасы 15 мыңдай, қазір оны естідіңіздер өздеріңіз. Түсінікті ғой.

Яғни қаңтардан бастап жүргізушілердің қолдарына орташа есеппен 92 мың теңгеден тиетіні белгілі болды. Алайда бұл жаңалық базынасын айтқандардың өкпесін баса қоймады. Кемі 150 мың теңге айлық болсын деді. Қайсыбірі егер талап орындалмаса жұмыстан кетуге бел буып отыр.

А. Төребекқызы