Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбе облысындағы ҰҚКД мен полиция басшыларының мәліметтері...

AstanaTV
18.06.2016ж. 20:00
2845
 Ақтөбе облысындағы ҰҚКД мен полиция басшыларының мәліметтері...

Ақтөбеге барған Премьер-министрге ҰҚКД мен облыстың полиция басшылары материалдық-техникалық қиындықтары туралы баяндаған.

ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Қыдырбаев алдымен радикалды бағытты ұстанатындар туралы айтты.

Нұрлан Қыдырбаев, Ақтөбе облыстық ҰҚКД бастығы:

Радикалды исламды ұстанатын 1965 адам бар, олардың 90-ы – оңтайлы сәтті күтіп отырған дайын джихадшылар. Біз 30-дан астам адамды райынан қайтардық. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені Ақтөбе облысында сауатты теологтар мен беделді имамдар жетіспейді. Сондықтан «Нұр Мүбәрәк» университеті арқылы маман даярлау мәселесін тезірек шешу керек. 

Нұрлан Қыдырбаевтың сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысындағы діни ахуал әлі де күрделі. Ол жергілікті жастарға «ДАИШ-тің интернет арқылы нұсқау беріп, ел аумағында джихад жасауға үгіттеп отырғанын» айтты. Осы тұста облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бастығын тыңдай кетсек:

Бауыржан Есмахан, Ақтөбе облыстық дін істері жөніндегі басқарманың жетекшісі:

Биыл әзірге 76 азамат өзінің райынан қайтты. Біздің бүгінгі күнге бере алатын ақпаратымыз осы. Мүмкін олар райынан қайтпаса, Алла бетін аулақ қылсын, кешегілердің арасында жүрер ме еді? Мүмкін райынан қайтпаса, Сирияға кетіп қалғандардың ішінде болар ма еді? Оны білмейміз... Өйткені ол адамдардың ішінде қандай ой жатқанын білмейміз. Қазір біздің облыста сауаты бар 11 теолог жұмыс істейді.

Ал комитеттегілердің фактілерін жалғастырсақ, Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша ҰҚК-нің Ақтөбедегі ғимараты 1958 жылы салынған, қауіпсіздік нормаларына сай емес. Департаменттегі компьютерлердің 60 пайызы әбден ескірген. Күдіктілерді тыңдайтын, олардың жасырынған жерін жылдам анықтайтын құрылғылар жетіспейді. Департаментті заманауи құрылғылармен жабдықтау үшін ең кемі 200 миллион теңге қажет, - деді ҰҚКД бастығы.

Жергілікті полицияның мәселесі де аз емес. Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махсудхан Аблязимовтің айтуынша, арнайы операция кезінде полиция қызметкерлерін бір ауданнан екінші ауданға жеткізу үшін арнайы көліктері болмаған соң облыстық әкімдіктен қайта-қайта автобус сұрап, уақыт құртқан.

«Діни экстремизммен күресетін небәрі 11 маманы бар» департамент басшысы қарулы шабуыл кезінде посттарды қанар қапшықтарға құм толтырып жабдықтағандарын айтады. Радиостанция жетпейді. 530 облыстық маршруттың 178 –ін яғни 34 пайызын ғана бақылай алады, жол-патруль полицейлері аз. 

- Арнайы жасақ тосын жағдайларға дайын екендерін көрсетті. Ал қатардағы полиция қызметкерлері қала ішінде қорғану тәсілдерін меңгермеген. Осындай қиындықтарға қарамастан күш құрылымдары өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарып шықты, - деді Махсудхан Аблязимов.

Осы тұста жиналыстан журналистер шығарылған. Осындай детальдар...