Алматы облысында «Самғау» байқауының жеңімпаздары анықталды. Журналистер арасында өткен сайыста үздік деп танылған 33 адам марапатқа ие болды. Жүзден жүйрік шыққандарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Шараға қатысып, әріптестердің қуанышымен бөліскен тілшіміз Әсем Лесбектің бейнематериалы.
Үздіктердің үздігін анықтайтын «Самғау» байқауы биыл 5-ші рет ұйымдастырылды. Оған жергілікті БАҚ өкілдерінен 120-дан аса материал түскен.
Қанат БОЗЫМБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бұл марапаттың орны ерекше. Журналистер арасында өтетін "Самғау" байқауы ақпарат саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетудің жақсы дәстүріне айналып отыр. Тәуелсіз еліміздің даму белестерін елге дер кезінде жеткізіп жүрген журналистер қауымының еңбегі әрине өте зор.
Биылғы дода танымал тележурналист Бейсен Құранбек атындағы арнайы жүлденің тағайындалуымен ерекшеленді. Оны Жетісу телеарнасының қызметкері Гүлжанат Мақұлжанова жеңіп алды. Жаңалықтар бөлімінің бас редакторы дайындаған деректі фильм үздік деп танылды.
Гүлжанат МАҚҰЛЖАНОВА, «Б.ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІ ҮШІН» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
Мен осы байқауға 4 жыл қатыстым. 4 жыл өзгелер үшін қуандым. 5-ші жыл өзімнің бағым жанды. Ерекше тебіреністе тұрмын. Ерекше толқыныста тұрмын. Б.Құранбек атындағы номинацияның тұңғыш иегері атандым.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткен шарада оператор, бейнеинженер, блогерлер де құрметке бөленді. Арнайы марапатқа ие болды.
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, «ҮЗДІК ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ 3-ОРЫН ИЕГЕРІ:
Бүгін Жетісу журналистерінің самғаған күні. Осындай облыс әкіміінң қолдауы барда біз өркендеп, өсе береміз. Мен осы байқауға биыл алғаш рет қатысып отырмын. Шымырық қорымы туралы материал өткізген болатынмын.
«Үздік тілші», «Үздік бейне блок», «Үздік желілік басылым» сынды номинация иегерлерінің жеңімпаздары марапатталды. Оларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы диплом табысталды.
Ә. Лесбек