$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО балалар ауруханасынан жік шықты

AstanaTV
24.12.2021ж. 20:00
2983
БҚО балалар ауруханасынан жік шықты

Оралдағы балалар ауруханасының қызметкерлері, өздерін директор шөміштен қақты деп айыптайды. Айтуларынша үш жылдан бері сыйақы бермеген аурухана басшысы, биыл есепшілер ғана мырзалық танытыпты. Төл мерекесінде ақшалай сыйлық бергізген. Оның бұл әрекеті ұжымға іріткі салды дейді медбикелер. Мекеме басшысы ашуға мінді. Берілген сыйақыны кері қайтарып алатынын хабарлады. Дауласқан топ ортасында болып, тараптарды тыңдаған тілшіміз Еркін Карин тақырыпты тарқатады.  

Облыстық балалар ауруханасының жүзге тарта кіші қызметкері басшылықтың ұжымды алалайтынына өкпелі. Олардың айтуынша, ең ауыр жұмысты атқаратындар, тиесілі сыйақыдан қағылған. Ал мекеме басшысының жауабы қысқа болды.

Айбану ЖҰМАЖАНОВА, ШЖҚ «БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ» МКК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Неге аурухана қызметкерлерін бөліп-жарып, тек қана бухгалтерия алуы керек? Соған ашуланып осы жерде қалдық. Сендер кімсіңдер? Кто вы такие деп айтты, бәрің естідіңдер. Этиканы өзі сақтап отырған жоқ қой, бір күнге келіп өзі кезекшілікте болсыншы, ата-аналармен қалай қиын екенін түсінер еді?

Ал кейбірі жалақысын толық ала алмай жүргендеріне шағымданды. Құжатта көрсетілген сомадан, қолға тиетін тиын-тебен екі есе көп деді. Кейін тексеру жүргізіліп, негізсіз ұсталғаны анақталған.

Гүлсім МАКЕЕВА, ШЖҚ «БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ» МКК ҚЫЗМЕТКЕРІ:


300 мың теңге маған артық сағаттың ақшасын төлетті. 300 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салды. Сонда бір санитарканың өзінен 600 мың ақша кетіп отыр. Ипотекаға үй аларда менің алты айлық жалақым 120 мың, 150 мың, 180 мың теңге. Бірақ қолға алатыным менің 64 мың теңге окладым.


Ақұштап АРЫСТАН ШЖҚ «БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ» МКК ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Ай сайын 22 процент ұстайды жалақыдан. Соның бәрін есептегенде міндетті түрде квитокта әрбір қызметкерде 1000-2000 теңге жетпейді. Соны сұрасаң, бухгалтерия саған күшті етіп есептеп береді. Мен жалғыз емеспін ғой. Әрбір қызметкерден осылай ұстаса, мұнда 500 қызметкер бар.


Аурухана директоры жағдайдың ушығуына пандемияны кінәлады. Өйткені індеттің кесірінен аурухана жанындағы ақылы емхана жабылып, мекеменің кірісі азайған. Былтырдың өзінде қарыз 117 миллион теңгеге жетіпті. Бірақ ұжымға жалақыны уақытында төлеп отырмыз, деп жұбатты.

Бекет БАДАШЕВ, ШЖҚ «БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ» МКК ДИРЕКТОРЫ:

Мысалы, қаржыгерлер күнін ел болып тойлаймыз. Сондықтан ақылы қызметтердің есебінен есепшілерді қуантпақ болған ұсынымызды денсаулық сақтау басқармасы мақұлдады. Бірақ бұл басқа әріптестердің арасында қызғаныш туғызды. Біз мемлекеттік мекемеміз, сондықтан ешқандай жасырын бухгалтерия жоқ. Бұл - ақылға сыйымсыз нәрсе.

Аурухана басшысының айтуынша, мекеменің қазіргі қарызы - 134 миллион теңге. Дәрі-дәрмектің өзіне 56 миллион теңге берешек. Ашуға мінген директор, енді есепшілерге берген сыйақыны қайтарып алуға бекінді. Ал, жаңа жыл мерекесіне ешкімге сыйақы берілмейтінін жариялады.

Е. Карин