$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Балалар үйінің түлегі 10 жылдан бері пәтерін ала алмай жүр

AstanaTV
27.12.2021ж. 20:00
2012
Балалар үйінің түлегі 10 жылдан бері пәтерін ала алмай жүр

Балалар үйінің түлегі далада қаңғырып қалды. Шымкент қаласының тұрғыны Диана Зималова 10 жылдан бері пәтер ала алмай жүр. Біздің телеарнаға хабарласып, шағымын айтқан жалғызбасты ана   жауапты органдардың табалдырығын тоздырып, әбден шаршадым дейді. Ал бұған құзырлылар не дейді?    Диана  өзіне тиесілі баспанаға неге қол жеткізе алмай жүр? Тілшіміз Динара Жарқынбектің бейнематериалы.

Диана Зималова Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта тәрибеленген. Қазір екі бала тәрбиелеп отқан жалғызбасты ана. 2008 жылы балалар үйінен шыққан соң заңға сәйкес үй алу үшін кезекке  тұрған.   Содан бері баспанасыз, әр жерге көшіп-қонып, қиналып  жүр.

Диана ЗИМАЛОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Маған екі бөлмелі пәтер берілу керек деді. Себебі менде ұл мен қыз болғандықтан, солай беріледі.  Мен тиісті құжаттарды жинадым. Әлі күнге алға жылжыған жоқ. Әлі  күтіп жүрмін. Негізі заң бойынша, мен, балалар үйінен шыққаннан кейін пәтерді бірден алуым керек еді. Ал маған әлі күнге баспана берген жоқ.

Диана- 3 топтағы мүгедек. Сондықтан жауапты мекеме  "жұмысқа жарамдысың", сол үшін үй кеш беріледі дейтін көрінеді.   

Диана ЗИМАЛОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Маған солай түсіндірді. 3 группа инвалидсің. Жұмыс істей аласың. Сен ақша жинай аласың. Үй ала аласың деді маған. Мен ақша алсам да,  пәтерге  жинай алмаймын ғой...


Ал, әкімшілік маманының айтуынша, Диана кезекке 2017 жылы тұрған. Негізі ол балалар үйінен шықпас бұрын келіп, тізімге енуі керек. Бірақ орталық қызметкерлері оған  дер кезінде жол көрсетпеген дейді.  Сондықтан Диана енді  қалай болғанда да, кезегін күтуі керек.

Мұрат НИЯЗҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ қ, ТҮРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 
Зималова Диана Олеговна бізде кезекке тіркелген. Жетім және ата-анасының қамқорынсыз  қалған балалар санаты бойынша. Ол азаматша бізде 17 наурыз 2017 жылы ғана кезекке тіркелген. Кезек номері бүгінгі таңда 961-ші.


Балалар үйіне де хабарластық. Бірақ 2008 жылдан бері ол жерде талай өзгеріс болған. Қазіргі басшылық бұл жағдайдан мүлдем бейхабар. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, тиісті шешім қабылдайтындарын жеткізді.


Д. Жарқымбек