Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте қайтарымсыз қаржы алудан дәмелілер сан соғып қалды

AstanaTV
28.12.2021ж. 20:00
2604
Шымкентте қайтарымсыз қаржы алудан дәмелілер сан соғып қалды

Шымкентте қайтарымсыз қаржыға қарық боламыз дегендер сан соғып қалды. Арнамызға шағымданған  ондаған адам  миллиондап ақша алып беремін дегендердің сөзіне иланып қалғандарын айтады.  Кейбірі  70 млн теңге грант ұту үшін 12 млн теңгесін санап беріпті. Бірақ алданғандарын кеш білген. Полицияға арызданған,  алайда  үш айдан бері іс жүрмей жатыр дейді.   Сондықтан олар бүгін   аудандық полиция ғимаратының алдына жиналды.  Тараптарды тыңдаған тілшіміз  Айзада Төребекқызы  тарқатады.

Күнде ертең деген жауапқа иланып келгендердің төзімі таусылуға шақ қалған. Жүйке жұқарып, ауру таптық дегендер уәдені үйіп төккендер тиісті жазасын алып, адал ақшамызды қайтарсын деп талап қоюда.
 
Аида АЙНҰРОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:


Құлпынай бизнесімен айналысамыз күйеуіміз екеуміз. Соған 4 млн 700 мың Айнураға бергенбіз. Сөйтіп 15 млн алатын болғанбыз. –Айнұрыңыз кім? –жұмыспен қамтуда істейді. –Кім болып істейді?-білмейміз оны кім болып істейтінін, декретте қазір.

Бұл жандар кемі 100 мың, алды 12 млн теңгесін алаяқтарға санап беріпті. Миллиондаған гран ұтып әпереміз дегенге сеніп қалдық дейді.  

Тұрғанай ҚАРАҚҰЛОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

5 миллионға алданып отырмын оларға. Жаңағы Атамекен дегеннен ақша шығарып береміз деді. Шығарып беріп жүрген соң біз сендік әпереді екен ғой деп. Бизнес план құраймыз. Қорғап береміз деген соң қайтарымсыз 25 млн әпереміз деп, сөйтіп бердік.

Жиналғандар кәсіп бастаймын ба деген үмітпен қыруар ақшаны қарызға алып бергендерін айтады. Алайда тоқсан күн деген уәде орындалмағасын ақыры полицияға арызданыпты. Бірақ ондағылар істі  қарамақ түгілі арыздың өзін уақытылы қабылдамады деп отыр.

Гүлизат СЕЙДАЗОВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӘСІБИ МЕДИАТОР- ЗАҢГЕР:

Жәбірленушілердің айтуы бойынша ең алды 20 күн болған арыз тастағанына. Бірақ бүгінге дейін әлі ешқандай беттестіру болмаған. Шақыру болмаған. Ешқандай түсініктеме алмаған бұл кісілерден. Заң бойынша арыздың негізгі қаралу уақыты қабылданып алу уақыты үш күн.

Іс бұлайша созыла берсе, кінәлілер жазасыз қалып, тіпті іс жабылып кете ме деп қауіптенген жәбірленушілер  күдіктілерді тергеуге алдыртуды талап етті. Заңгерлерге ресми түрде 24 адам арызданған. Ал аудандық тергеу бөлімінің бастығы   12 адам шағымданғанын  айтады.   
    
Серік АСАРҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ТЕРГЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бұл жерде «Алаяқтық» жәйті бойынша қозғалған қазіргі таңда. ҚР ҚК 190 баптың 3 бөлігінің 3 тармағымен және 2 –ші тармағымен. –Күдікті ретінде қанша адам өтіп отыр? –Күдікті ретінде қазіргі таңда танылмаған. Күдікті ретінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр қазір.


Бұл істі екі тергеуші қарап жатқан көрінеді.  Полиция өкілі жәбірленушілер қаласа тергеушіні ауыстыру мәселесін қарайтындарын жеткізді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал миллиондаған грантты ұтып әпереміз деп елдің сеніміне кіргендер өздері айтқандай жұмыспен қамту басқармасында істемейтін болып шықты.Сондай-ақ,   кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы деп есімі аталған азаматшаның атын да өзгелер жамылған көрінеді. Екі мекеме  бұған қатысты полицияға арызданғандарын айтады.

А. Төребекқызы