Елордада онсыз да аспандап тұрған азық-түліктің бағасы мереке қарсаңында тағы да шарықтады. Кейбір сауда орындары тауар құнын негізсіз өсірген. Бірқатар дүкенде жұмыртқа 25 пайыз үстемемен сатылып жатқаны анықталды. Ал заң бойынша келген бағаға 15 пайыздан артық қосылмауы тиіс. Базарларда да жағдай мәз емес. Сатушылардың өз базынасы бар. Олар неге наразы? Базарға барып, бағаны бағамдаған тілшіміз Бекболат Сатуовтың бейнематериалы.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Базарда ығы-жығы халық. Мереке қарсаңындағы әдеттегі қарбалас. Бірақ мерекелік көңіл күйді базардағы баға бұзады. Сатушылардың айтуынша, сауда-саттық жылдағыдай емес көрінеді. Тауар бағасы қымбаттаған, сондықтан сатып алушы аз дейді.
Жұрт керегін санап алатын жағдайға жетті дейді сатушылар. Қымбатшылық халықты ғана емес, сатушыларды да шаршатқан сыңайлы. Өйткені, базарға келушілер көп болғанымен, сатып алушы аз көрінеді.
САТУШЫ:
Жылда екі жыл бұрын сауда мына арада жаңа жылға қарсы қатты жүріп жататын еді. Қазір сауда аз.
САТУШЫ:
Бәдірен, мысалы -1800 болып тұр. Равасы 1200, помидор 900-ден, еттің жарты бағасы болып турда еттің. Сол үшін сауда жоқ. Елдер жемей жатыр. Қайта бұның орнына 3-4 кг картошка алып жеген дұрыс.
Жұртшылық үшін қымбатшылық туралы айтудың да қызуы басылған сияқты. Жыл басынан бері тоқтаусыз көтерілген бағадан әбден көңіліміз қалды дейді елордалықтар.
БЛИЦ:
- Көтерілген біраз.
- Жалпы бағасын салыстырсақ, биыл қымбаттау, ана жылға қарағанда.
- Жиі қолданамыз, бірақ баға сондай болып жатыр ғой қазір.Арзан жоқ қой дым да.
- Қымбат.Жаңа жылдан кейін ол тағы қымбаттайды деп жатыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаның бұлайша құбылуының себебі көп дейді. Ол індет бітпей, азық-түлік құнының өсуін тоқтату мүмкін емес екенін кесіп айтты.
Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Індет бітпей бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Себебі біздің логистикалық жүйелеріміз, байланыстарымыз өзгеріп кетті. Қазір әр мемлекет өзінің протекционизм саясатын жасап, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу.
Агенттік төрағасының айтуынша, бағаны негізсіз көтергендер айыппұл арқалайды. Соңғы жарты жылда жанар-жағармай бағасын негізсіз өсіруге байланысты 12 тергеп-тексеру ісі ашылған. Жұмыртқа нарығында осындай 8 іс, басқа тауарлар бойынша 15 іс қаралған. Кәсіпкерлік нысандарға 540 млн теңге айыппұл салынған.
Б. Сатуов