Атырауда коммуналдық қызмет мамандары көшелерді қардан тазалап үлгермей жатыр. Осының салдарынан қар күндіз еріп, кешкісін көкмұзға айналуда. Тек екі күнде тайғақтан таяқ жеген 117 адам дәрігерге жүгініпті. Мертіккендердің 9-ы ауруханаға жатқызылған. Шаһардың қалтарыс көшелерін айтпағанда, орталықтағы қардың да "мұрты бұзылмаған". Бұқара жұқа қардың өзін тазалай алмай жатқан, коммуналдық қызметке өкпелі.
Маро АМАНҚОСОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кеше өте қиын болды. Әзер жеттім. Мен таңертең ерте шықтым, сағат 8-де ештеңе себілмеген. Содан кейін 11-лерде шыққанда еріп кетті бәрі. Мына көшені байқамадым тазалап жатқанын.
Елена САНАКИНА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тұрғындар қалашығы мен Авангард ықшам ауданы арасындағы көпір өте лас, әрі тайғақ. Ұстайтын жері жоқ. Әрең көтерілеміз. Жолда да бәріміз құлап зорға жүрміз. Коммуналдық қызметтің жұмыс істеп жатқанын көрмеппін мүлде.
Қала тазалығына жауаптылар жұқа қарды күреу қиын боп жатқанын мойындайды. "Көшеде 200 жұмысшы жүр. Олар адам көп жүретін жерлерге қарды ерітетін қоспа шашуға жұмылдырылған" дейді.
Алмас ІЗТІЛЕУОВ, АТЫРАУ қ. «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» КМК ДИРЕКТОРЫ:
Үлкен техникалардың барлығын жаппай қосайын десек, жолда 4-5 см қар болу керек жолда. Енді түнде жауған қар 1 см бар шығар. Олардың барлығы машинамның астында тапталып қалып жатыр. Қаланың ішінде 3 бірлік машианмыз бар топырақ себетін жолға 2 күннің ішінде 64 тоннайда реагент төгіп тастады. Кішкене уақыт керек бізге де.
Б. Надірқызы