Таразда 10 лаңкестің көзі жойылды . Олар қақтығыс кезінде әскерилер мен полицейлерге оқ атып террорлық шабуыл жасаған. Ал қолға түскен бүлікшілер саны 153-ке жетті. Жеңіл көліктен 14 калашников автоматы, снайперлік винтовка, оқ дәрі, жарылғыш граната және ірі көлемде шетел валюталары тәркіленген. Бүгін түнде жедел іздестіру шаралары кезінде 14 адам құрықталған. Жамбыл облысы полицейлерінің айтуынша, оның 4-і әкімдік ғимаратын өртеуге қатысқан. Олардан да оқ дәрілер мен тағы екі Калашников автоматы табылды. Жалпы қақтығыс кезінде 2 полицейге оқ тиіп, 7-уі жараланған. Осы уақытқа дейін ауруханаға 38 адам жатқызылса, түрлі жарақаттармен 283 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазір олардың арасындағы тәртіп бұзғандар мен бүлікшілер анықталып жатыр. Атырауда жағдай тұрақты. Қазір орталық Исатай-Махамбет алаңында да, облыстық әкімдік алдында да ешкім жоқ. Жалпы, өңірдегі ахуалды әріптесім Базаргүл Нәдірқызы телефон арқылы баяндайды.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, "АСТАНА" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТІЛШІСІ:
Қазір дүкендер сауда орындарының бәрі штаттық режимде істеп тұр. Наразылық топ бас көтерген. Орталық Исатай-Махамбет алаңында да облыстық әкімдік айналасында ешқандай адам жоқ, барлығы тараған. Полиция департаментінің дерегінше, 168 адам қазір қамауда, 49 адам жарақат алып, соның 36-ы полиция деген хабар тарады. 1 адам қаза тапқан.
Қызылордада да ахуал қалыпты, тәртіп бұзушылықтар тоқтаған. Облыста түнгі 11 мен таңғы 7 аралығында коменданттық сағат енгізіліп, полиция күшейтілген режимде тәртіптік бақылау жүргізуде. Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 225 адам тергеуге алынған. Қазір олардың қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Аймақтағы тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы толығырақ айтады.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, "АСТАНА" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТІЛШІСІ:
Қызылордада қазір жаппай тәртіпсіздік тоқтады. Дегенмен, антитеррорлық операция жалғасуда, соның нәтижесніде 50 қылмыстық іс қозғалып, 27 адам қамауға алынды. Күдіктілерден бір қаруы, 12 суық қару, 2 каска тәркіленген. Қазір облыс аумағында 27 блок бекет қойылды. Аймақ әлі қауіптіліктің қызыл деңгейінде. Сондықтан тәртіп сақшылары төтенше жағдай ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
А. Дүкембаева