$492.22 €529.38 ₽5.03
×

Қызылжар өңірінде 34 адам комменданттық сағат тәртіпті бұзған

AstanaTV
10.01.2022ж. 20:00
1102
Қызылжар өңірінде 34 адам комменданттық сағат тәртіпті бұзған

Қызылжар өңірінде қоғамдық қауірсіздік шаралары күшейтілген.  Сала мамандары  барлық маңызды нысандарды жіті бақылауға алған. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар біртіндеп ұсталып жатыр. Оларға қалай жазаланады? Аймақтағы ахуал қалай? Солтүстіктегі тілшіміз Абзал Құрманкин толықтырады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Теріскейде жағдай тұрақты. Аймақтың бас коменданты ішкі ахуалға осындай баға беріп отыр. Ресми ақпарат бойынша, жаппай тәртіпсіздікке 120 кісі жиналған. Арасында ауылдардан келген азаматтар бар, дейді полицейлер. Олардың 16 әкімшілік жауапкершілікке  тартылып, 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Облыс бойынша 25 бақылау бекеті қойылған.   

Марат ТӨЛЕБАЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОМЕНДАНТЫ:

Бес күннің ішінде коменданттық сағатты 34 адам бұзған. Төрт жерде алкогольдік ішімдіктер заңсыз сатылған. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір қаланың барлық стратегиялық нысандары бақылауға алынған. Біз жалдамалы пәтерлерді тексеріп жатырмыз. Әзірге күдіктілер анықталған жоқ.  Бекеттерде көліктерді тінту барысында қару немесе ірі көлемдегі қаражат  табылған жоқ.

Халықтың тұрмыс тіршілігі біртіндеп қалпына келе бастады. Барлық әкімшілік және жеке кәсіпкерлік нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

БЛИЦ:

-  Президенттің  дер кезінде қабылдаған шешімдеріне қуанамын. Қолдаймын. Коменданттық сағат жариялап, бес күннің ішінде тәртіп орнатты. Соңы жақсы болатынын білемін.  


- Ғаламторды шектегені дұрыс болды. Халық біраз сабырға келіп, тынышталып қалды. Қазір тек тыныштық сақтау керек.

- Ең бастысы бейбітшілік орнасын. Тұрақтылық керек.  Қатты эмоцияға берілмей, бүкіл мәселелерді сабырлықпен шешейік.  


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бүгіннен бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары да ашылды.   Кейбір банк бөлімшелері де жұмысын қайтадан бастады.
Сұйытылған газ да белгіленген бағада сатылып жатыр. Барлық  бекеттерде  70 теңгеден саудалануда.  


А. Құрманкин