Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Бүлікшілердің кесірінен алматылық кәсіпкерлер 102 млрд теңгеден астам шығынға батқан

Бүлікшілердің кесірінен алматылық кәсіпкерлер 102 млрд теңгеден астам шығынға батқан

Бүлікшілердің кесірінен алматылық кәсіпкерлер шамамен 102 млрд теңгеден астам шығынға батты. Қалада   1700-ден астам шағын және орта бизнес нысаны қираған. Бірақ бұл әлі нақты есеп емес. Залал көлемін  есептеу әлі жүріп жатыр. Нысандары қирап, өртенген, тоналған  кәсіпкерлермен тілшіміз Әсем Лесбек тілдесті.

Республика алаңы  маңайындағы кәсіпкерлік нысандары қатты зардап шекті.  Бүлікшілер дүкен,  мейрамхана,  дәмхананың барлығын дым қалдырмай қиратқан. Бір ғана мейрамхананың өзіне  200 миллион теңгеден астам шығын келген көрінеді.

Елизавета ЖУРКИНА, КӘСІПКЕР:

Бағалы заттарды алып кеткен. Сындырған, қиратқан, оқ жаудырған. Онысымен қоймай от қойып кеткен. Айтарға сөзіміз жоқ. 40-қа жуық бейнекамераны құртқан. Қайта қалпына келтіру үшін кемінде 200 миллион теңге керек.


Ал кәсіпкер Алтай Әмреевтің нысанына шабуылшылар кіре алмапты. Брондалған есікті  бұзуға әрекет жасап, терезелерін сындырған.

Алтай ӘМІРЕЕВ, КӘСІПКЕР:

Барлығын сындырып, шағып, қиратып, келдік, көріп енді сынғанын анау-мынауын жөндеуімізге тура келіп тұр.

Жалпы бизнеске 103,4 миллиард теңге шығын келтірілген. Оның ішінде бір Алматыда ғана 102, 2 миллиард теңгенің  тауары тоналып, 1506 бизнес нысаны қираған.  Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы  зардап шеккен  кәсіпкерлерге көмек берілетінін жеткізді.  

Сәбен ТЫНЫШҚАЛИ, АЛМАТЫ қ. «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БОСТАНДЫҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда Үкімет пен Кәсіпкерлер палатасы алгоритм дайындау үстінде. Соның аясында шығын көрсетілген объектілерге мемлекет тарапынан бизнес қауымдастығы атынан қолдау көрсетілетін болатын қаржылай түрде.

Кейбір кәсіпкерлер  өз бетінше мамандардың көмегіне жүгініп жатқан көрінеді.  Заңгер Ғабит Өмірбековке 10-нан астам заңды және жеке тұлғалардан қоңырау түсіпті.   

Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Заңды тұлғаның бизнесі зардап шеккен болса, бүкіл құжаттарды дайындау керек. Қандай материалдық шығын келгенін өзі АКТ толтыру керек. Сол АКТ-ге жазып көрсету керек. Полиция қызметкеріне звандау керек. Келіп қылмыстық істі қозғау керек. Әр ұрланған зат бойынша саусақтың іздерін тәркілеу керек, бейнежазбаны тәркілеу керек.

Бүлікшілердің бүлігінен кейін Алматы қаласының тіршілігіне қайта қан жүгірді. Барлық автобустар   іске қосылып, 52 сауда базары, 8 сауда орталығы ашылды.  127 жанар-жағармай құю станциясы жұмысын бастады.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қалада антитеррорлық операция әлі жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін    лаңкестік әрекетке  қатысы бар деген күдікпен 1 мың 678 күдікті ұсталған. Олардан 36   атыс қаруы мен 1 жарымға жуық оқ дәрі тәркіленген.

Ә. Лесбек