«Pfizer» вакцинасы тегін болады. Бұл тек 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация жасау үшін қарастырылмақ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде вакциналау қарқыны төмендеп кеткен. Оның үстіне елде COVID-19-дың жаңа түрі жылдам тарап жатыр. Соған байланысты эпидахуал күрт нашарлады. Өткен тәулікте індет 5 мыңға жуық адамнан анықталған. Соңғы 2 аптада сырқаттану деңгейі 3 есе өскен. Елордада 10 есе. Шымкентте 3,7, Алматыда 2 есе көбейген.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты, қызыл аймақтағы өңірлерде ұжымдарды тарату және инфекцияның таралуын азайту бойынша қосымша профилактика шаралары Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына шығарылады.
Сондай-ақ елдің бас дәрігері "омикрон" штаммының таралуына байланысты жаңа болжам ұсынды. Оптимистік сценарий бойынша: халық ревакцинациямен 100 % қамтылса, тәулігіне 17 500 жағдайға дейін тіркеледі. Реалистікте - тұрғындардың 70% қайта вакциналаудан өтсе, індет жұқтыру саны күніне 25 500 -ге жетуі мүмкін. Ал, пессимистік болжамда: елдің 40%-ы үшінші рет екпе алса, тәулігіне 40 000 адам науқастануы мүмкін.
А. Данияр