Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханада қайтыс болған тұрғынның жесірі ақ халаттыларды кінәлайды

AstanaTV
21.06.2016ж. 20:00
2057
Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханада қайтыс болған тұрғынның жесірі ақ халаттыларды кінәлайды

Қарағанды облысында сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылған екі науқас қайтыс болды. Аяқасты көз жұмған Кәкен Қажыкеновтің жесірі қайғылы оқиғаға ақ халаттыларды айыптайды. Дереу Шет ауданынан қалаға жеткізілген науқасты бір де бір аурухана қабылдамады деп отыр. Қазір Қарағандыда 5 адам ем қабылдап жатыр. Бүгін тағы екі адам Шет ауданынан жеткізілген. Айжан Қуаш сабақтайды. 

Айжан Қуаш, тілші:

Сібір жарасын Кәкен Қажыкеновтің 10 жастағы баласы Нұртілеу де жұқтырды деген күдік бар. Жеткіншек қазір облыстық жұқпалы аурулар аурханасында. Шет ауданынан қауіпті дертке шалдықты деген болжаммен тағы 5 тұрғын кеше осында әкелінген болатын. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.

Айжан Иса, Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының баспасөз хатшысы:

Денелерінде қызара бөрткен болып келген. Кейбіреулерінің дене қызуы көтерілген. Өкінішке орай, 2 науқас қайтыс болды.

Марқұм болған Кәкен Қажыкеновтің жесірі болған жайтқа дәрігерлерді кінәлайды. Өйткені, оның күйеуі өткен аптада көршісінің малын сойысқан. Осыдан соң оның қолына жара шыққанын байқаған. Дереу 200 шақырымдағы ауылдан облыс орталығындағы ауруханаға келеді. Алайда, ақ халаттылар науқасты «жолдамаңыз жоқ» деп қабылдамады деп отыр.

Мәдина Қажыкенова, Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылының тұрғыны:

Менің жолдасым осыдан суббота күні ауырғанда шыдай алмаған соң, осы Қарағандыға келді. Ешқандай больница «направление жоқ» деп алған жоқ. Қайтадан Ағадарыға барып, направлениемен скорыймен уже тяжелый болып келдік. Осының бәрі дәрігерлердің кінәсі. Егер больница алғанда, ол тірі қалар еді ғой.

Айжан Қуаш, тілші:

Еркіндік ауылында әзір карантин жарияланған жоқ. Ақ халаттылардың айтуынша, арнайы құрылған жедел штаб ондағы 6 жүзге жуық тұрғын мен ірі қара малды бақылауға алған. Мамандардың болжауынша, қауіпті дерт адамдарға малдан жұғуы мүмкін.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Біз медициналық мекемеге келген азаматтарға қажетті ем-домдарды жасап жатырмыз. Ол енді Сібір язвасы ма, басқа ауру ма, оны білесіздер, санэпид служба анықтайды. Сондықтан қазір санэпид служба өзіне қажетті зерттеулерін жүргізіп жатыр.

Сондықтан дәрігерлер де нақты диагноз қоюға асықпай отыр. Ал сараптама нәтижесі 1-2 күнде дайын болуы тиіс. Ал бүгін премьер-министр твиттердегі парақшасында орынбасары Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырхзахметовке жағдайды бақылауға алу туралы тапсырма бергенін хабарлады.

Ажан ҚУАШ