Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Кейбір өңірде төтенше жағдай режимі аяқталса да, блок бекеттер алынбайды

AstanaTV
13.01.2022ж. 20:00
1644
Кейбір өңірде  төтенше жағдай режимі аяқталса да, блок бекеттер алынбайды

Қазақстанның 3 өңірінде төтенше жағдай режимі аяқталды. Павлодар облысы, Солтүстік және Батыс Қазақстанда төтенше жағдайдың күші бүгін таңғы сағат 7-ден бастап жойылды.   Дегенмен, құзырлы органдар кей өңірлерде блок бекеттердің әлі біршама уақыт алынбайтынын хабарлады. Аймақтардағы ахуалды  тілшілеріміз баяндайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Араға бір апта салып Қызылжар қайтадан бұрынғы қалпына келді. Таңғы жетіден бастап аймақта төтенше жағдай режимі жойылды. Осыған дейін уақытша жабылған ойын-сауық кешендері мен дәмханалар жұмысын қайтадан жандандырды. Алайда, блок бекеттер түгел алынған жоқ.  Өңірде террорлық қауіптің сары деңгейі енгізілген.  

Айдын БАЙМАТОВ, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мұның бәрі халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалып отыр. Ішкі істер органдарының құрылымы бұрынғыдай ерекше режимде қызмет етеді. Қоғамдық тәрттіппен маңызды және стратегиялық нысандарды күзету жалғасуда.


Елдегі толқу  әсіресе бизнес саласына кері әсерін тигізді. Пандемияның кесірінен онсыз да шаруасы шатқаяқтаған кәсіпкерлерге  төтенше жағдай режимі де оңай болмады. Сондықтан шектеудің алынғанына  бірінші болып  кәсіп иелері қуанған. Қазір барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр.

Әлібек АШМЕТОВ, “АТАМЕКЕН” ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

Солтүстік Қазақстан облысында 32 мың бизнес өкілі бар. Оның 98 пайызы шағын бизнес. Енді барлығы өзінің жеке уақытына сәйкес жұмыс істейді.  


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Теріскейліктер енді еліміз тыныш болсын деп тілейді. Жаңа Қазақстанның алдында үлкен міндеттер тұр.  Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған жұмыстар нәтижелі болатынына сенім мол дейді. Ал батыста жағдай қалай? Ол туралы әріптесім Еркін Кариннен білейік....Еркін, сіздерде де шектеулер алынып, халық қалыпты өмірге оралып жатырған болар...


Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Абзал… Оралда да  коменданттық сағат тәртібі өз күшін жойды. Дегенмен блок бекеттер бұрынғыша жұмыс істеп тұр. Қалаға кірген-шыққан көліктер мұқият тексеріліп жатыр.

 
Жалпы облыста төтенше жағдай режимі жарияланғалы 903 адам полиция бөлімшелеріне әкелініп, 91 адам тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тағы он азаматты сақшылар қамауға алыпты.

Болатбек НҰРҒОЖИН, БҚО ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта құқыққорғау органдары осы төтенше жағдайларға себеп болған, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдарды анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сол себепті біз қазіргі уақытта блок-посттарды әзірге алмауға шешім қабылдадық. Бұл блок-посттар осындай азаматтарды, қатысқан адамдарды анықтауға жұмыс жасайтын болады.

Өңірдегі шағын және орта бизнес нысандарының барлығы дерлік жұмыс істеп тұр. Екінші деңгейдегі банктер мен базарлар, сауда орталықтары да қайтадан ашылды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
 
Төтенше жағдай жарияланған кезде облыстағы жеке азаматтар мен заңды тұлғаларға тіркелген қару-жарақ алынған еді. Қазір осы қару кері қайтарылып жатыр. Сонымен қатар банк инкассаторларын қорғап жүрген полиция жасағы да алынып, өңірдегі жағдай тұрақталып келді. Біздегі өзгеріс осы. Әрі қарай Павлодардағы әріптесім Өзгеріс Қуанар жалғастырады.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Рақмет, Еркін! Павлодар облысы аумағындағы блок бекеттер алынып тасталды. Қалаға кіріп шығуға шектеу жоқ. Барлық мекемелер мен қызмет көрсетуші ұйымдар қалыпты жұмыс кестесіне көшті.


Бір аптадан бері қоршауда тұрған облыстық әкімдіктен де қарулы күзет алынды. Қаланың орталық көшелері ашылып, тұрғындардың еркін жүріп тұруына болады.  Ал  заңсыз әрекеттерге барғандар біртіндеп ұсталып жатыр.  Осыған дейін 909 адам  жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 345 адам 15 тәулікке қамалса, 288 тұрғынға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Полиция коменданттық сағатты бұзғаны үшін 811 азамат пен 349 көлікті ұстады. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Автокөліктер айып тұрағына қойылды. Жүріп тұруға рұқсаты болмаған 1400-ден астам кері қайтарылды.

Тәртіп сақшылары 900-ден астам жалдамалы пәтерге тексеру жүргізген.   Дүрбелең кезінде 102 пультіне қоңыраулар жиілеген. Қаланың белсенді тұрғындары күдікті адамдар мен коменданттық сағат режимін бұзғандар туралы тәртіп сақшыларына хабарлап отырған.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Десе де, құқық қорғаушылар арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Тұрғындарды  қырағы болып, заң бұзбауға шақырады.

Ө.Қуанар, А.Курманкин, Е.Карин