$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматылықтар қақтығыс кезінде қаза тапқан подполковник Сәндібек Хаировты ақтық сапарға шығарып салды

AstanaTV
13.01.2022ж. 20:00
1147
Алматылықтар қақтығыс кезінде қаза тапқан подполковник Сәндібек Хаировты ақтық сапарға шығарып салды
Алматылықтар лаңкестермен қақтығыс кезінде қаза тапқан подполковник Сәндібек Хаировты ақтық сапарға шығарып салды. Қарулы күштердің офицері биыл мамырда 40 жасқа толатын еді. Бейбіт күннің батыры  әскери қызметшілерді шабуылдан қорғаймын деп көз жұмды.

Офицерлер үйі бүгін подполковник Сәндібек Хаировты ақтық сапарға шығарып салды.  Қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындарын, әріптестері мен замандастарын жұбату мүмкін емес. Офицердің артында ботадай боздап ұлы мен қызы, сүйген жары қалды.   

Кирилл ЛОЖКИН, ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫ ТАКТИКА КАФЕДРАСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Сәндібекті мектеп кезінен білетінмін. Курсанттық жылдарымызда бірге өтті. Сол күні ол әкімдіктің ғимаратында әскерилерді қорғап жүрген. Лаңкестер оны оңдырмаған.   Басынан жарақат алып, есінен танып қалған.

39 жастағы Хаировтың мәйіті қала әкімдігі ғимаратынан табылған. Шаһар басшысы подполковниктің  батырға тән қайсар әрекеті көпке үлгі   деді.  Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әкімшілік өз тарапынан Сәндібек бауырымыздың отбасына қаржылық көмек көрсетті. Отбасына Алматы қаласынан пәтер бөлінді. Енді осы барлық қаза болған азаматтарды елдің, халықтың есінде сақтау жолында қаламыздың орталық алаңы Республика алаңында мемориал қойылады.


Сағынтаев қақтығыс кезінде жанқиярлықпен қаза тапқандардың құрметіне қойылатын ескерткіштің жобасы қазір дайындалып жатқанын айтты.  Сондай-ақ, қалада антитеррорлық операцияның  аяқталмағанын жеткізді.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Келесі аймақтар қылмыскерлерден тазартылды. Бостандық және Түрксіб аудандарының аумақтары. 102 пультіне небәрі 961 хабарлама келіп түсті. Комендатураның Кол-центріне азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін  215 дабыл қабылданды.

Лаңкестік әрекетке қатысты 2 мыңға жуық күдікті ұсталған. Олардан 38  атыс қаруы мен мың жарымдай оқ-дәрі тәркіленген. Қаладағы мәйітхана алдынан да  адам арылар емес.  Бірі жақындарын тануға келсе, енді бірі мәйітті алып кетіп жатыр.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін лаңкестер ойран салған қалалық әкімдіктің ғимаратында тазарту жұмыстары басталды. Бүлікшілер қойған оттан кейін сырты қара күйе болған  нысанды 660 адам жинап жатыр. Олар қираған жиһаз, техникаларды кәдеге арнайы полигонға шығаруда.

Ә. Лесбек