Қызылорда облысында вирус жұқтырудың антирекорды тіркелді. Соңғы тәулікте 268 адамнан қауіпті індет анықталды. Оның 46-сы -14 жасқа дейінгі бала. Мамандар пандемия басталғалы мұндай болмаған деп дабыл қағуда. Жағдай күрделене берсе, «Омикрон» штамының тіркелу қаупі де артуы мүмкін дейді.
Айман ЖАНАХАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Эпидемиологиялық ахалдың күрделенуінің негізгі себебі, бұл мерекелік демалыстардан кейін анықталып отыр. Яғни ұжымдық іс-шаралардың көбеюі. Халықтың қонаққа баруы, қонақ шақыруы және сол кездерде санитариялық талаптардың орындалмауы. Омикронның зертханалық жолмен расталған дерегі ресми тіркелген жоқ. Дегенмен де бұл Алматы, Нұр-сұлтан қалаларында тіркелді. Сондықтан да қауіп бар.
Қарағанды облысында да эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап, өңір бүгін «қызыл» аймақтар қатарына қосылды. Өткен тәулікте өңірде жеті жүзге жуық адам COVID- 19 жұқтырған. Бір күн бұрын ғана аймақта небәрі 70 жағдай тіркелген болатын. Санэпидбақылау департаментінің баспасөз қызметі жағдай түзелмесе шектеу шаралары 5 күннен соң күшейтілетінін хабарлады. Жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер көбейген. Ал әлеуметтік желілерде науқастар ауруханаларда маман жетіспейтінін, палаталардың тазартылмай жатқанын айтуда. Бірақ денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
М. Тоқтасынқызы