$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда бүлік кезінде із-түссіз жоғалғандар саны артқан

AstanaTV
14.01.2022ж. 20:00
1745
Алматыда бүлік кезінде із-түссіз жоғалғандар саны артқан

Алматыдағы бүлік кезінде із-түссіз кеткендер саны артқан. Жақындарын іздеп сабылған жұрт, құзырлылардан қайыр болмай тұр дейді. Дүкенге шығып, үйіне қайтып оралмаған туыстарын да сақшылар заңсыз ұстап әкетті деп күдіктенеді. Шарасыз күй кешкендердің бірқатарымен алматылық әріптесім Әсем Лесбек тілдесіп келді.

Зейнеткер Әкімхан Асанов үш ұлдың әкесі. Айтуынша кенжесі офицер болып жұмыс істейді. Аласапыран кезде кезекшілікке түскен. 4-ші қаңтар күні інісін іздеп шыққан екінші баласы Алматты іздейді. Соңғы рет оқ тиіп, ауруханаға түскенін естіпті. Кейін ол жақтан да таба алмай қалған.    

Әкімхан АСАНОВ, ЖОҒАЛҒАН А.АСАНОВТЫҢ ӘКЕСІ:
 
Менің балам Асанов Алмат жоғалып кетті. 12-ші больницада жатқан. 8-не дейін жатты. Қолынан, иығының төмен жағынан оқ тиген. Сол баламды іздеп, ДВД-ға алып кетті деді. ДВД-да сенің балаң жоқ дейді. Сіздерге жүгініп отырмын. Тауып берсеңіздер деген ойым.


Бүлікшілердің бүлігі кезінде Айман Еспенбетова да жұбайынан көз жазып қалыпты. Туған күніме тәтті алуға кеткен күйеуімді іздемеген жерім жоқ дейді ол. Аурухана, мәйітхана, қала берді полицияны торуылдап әбден шаршаған.    
 
Айман ЕСПЕНБЕТОВА, ЖОҒАЛҒАН Б.ТАЛҒАРДЫҢ ЖАРЫ:

Торт алып келуге үйден шығып кеткен. Түстен кейін телефонынан хабар келді, оқ тиіп 12-ші больницада жатқаны туралы. Дәл қазір қайда, қандай жағдайда екенін жарақаты қаншалықты ауыр екенін біз ешқандай хабарымыз жоқ. Қалай да болсын босатуын талап етеміз.


Жақындарын жоғалтқандар күн санап артып келеді. Заңгер Ғабит Өмірбеков осыны айтты. Ол өзіне туысын тауып беруді сұрап 50 шақты адам хабарласқанын дәлел қылды.  

Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Туған анасы өзінің баласының қайда жатқанын білуге құқығы бар, Конституция бойынша. Барлық ақпарат қазіргі таңда Полиция Департаментінде. Ұсталған адамдардың, жеткізілген адамдардың, сотталған адамдардың, санкция берілген адамдардың тізімі, демек ПД уақытылы тез кім қайда жатқанын кімге не болғанын айтуы керек.

Десе де Полиция Департаменті осы уақытқа дейін 22 адамның жоғалғанын ресми мәлімдеді. 15-інің қай жерде екені анықталған, ал қалған жетеуі туралы әзірге ақпарат жоқ дейді. Бүгін тілшілерге бүлікшілер басып алған қалалық Полиция Департаментінің ғимаратын аралап көруге мүмкіндік туды. Мекеменің ресми өкілі Салтанат Әзірбек шабуылшылар заңсыз әрекетке мақсатты түрде барды дейді.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жан-жақтан жасады. Төрт жерден кірмекші болған. Осы үш ғимаратқа. Оқиғалар салдарынан 185 полиция қызметкері жарақат алды. Оның қазір екеуі ауыр халде. Өкінішке орай 3 әріптесімізден айырылдық.

Қазір лаңкестік қылмысқа қатысы бар деген 2 мыңнан астам күдікті ұсталған. Олардан 67 бірлік атыс қаруы мен 3 мың 112 оқ-дәрі тәркіленген. Өткен тәулікте Жетісу және  Наурызбай аудандарында бүлікшілерден тазарту жұмыстары жүргізілді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Айта кетейік, қалада антитеррорлық операция әлі жүріп жатыр. Халықаралық әуежай да қауіпсіздік шараларын барынша күшейткен. Төтенше жағдайдан кейін кеше ашылған нысанды әскерилер мен полиция қызметкерлері жан-жақтан қоршап тұр. Ал терминалға өтуге тек ұшатын жолаушыларға рұқсат берілген.


Ә. Лесбек