$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда локдаун енгізіле ме?

AstanaTV
18.01.2022ж. 20:00
931
Қазақстанда локдаун енгізіле ме?

"Бәріне өзіміз кінәлі". Вице-премьер министр коронавирустың белең алуына тұрғындарды айыптады. Өйткені, енгізілген шектеулерге қарамастан қонаққа барып, мейрамханада жасыры той жасады, дейді. Соның кесірінен, пандемия басталғалы 18 мыңнан астам қайтыс болған.  Денсаулық сақтау министрінің айтуынша,  елдегі жағдайдың күрт нашарлауына байланысты жаңа шектеулер енгізіледі. Локдаун бола ма?  Толығырақ әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

«Омикрон» штаммы қазақстандықтарды оңдырмады. Елде вирустың бұл түрі тез таралуда. Жағдайды бағалау матрицасында Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта.  Соңғы айда коронавирусқа шалдыққандар саны 20 есе артқан.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Сонымен қатар, ауру көбейсе де, соңғы айда өлім-жітім аз, 2,3 есе төмендеді.Ковидтік стационарларда ем алатын пациенттердің саны 2,2 есеге, амбулаториялық деңгейде аурулардың саны 5 есеге артты. Елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттанушылықтың 60%-дан астамы үш аймақта тіркеліп отыр.

Ол  үш аймақ-Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы және Қарағанды облысы. Елордада сырқаттану 32 есе, Алматыда 8 есе, кеншілер шаһарында 9 есе өскен.

Денсаулық сақтау министрі бұл өңірлердің тұрғындарына ренжулі. Екпе егу, ревакцинация  нәтижесі  көңіл көншітпейді деді. Ал жалпы халықты иммундау бойынша  Маңғыстау мен Қостанай облыстарында белсенділік төмен екенін  атап өтті.  Қайта вакциналау тұрмақ, кәдімгі вакцинаның  1-2 дозасын да жұрт қарық қылмаған.   

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Республика бойынша ревакцинациялауға жататын халықты қамту 26,8%-ды құрап отыр 800 мыңнан астам адам егілді. Үш өңірде: Атырау, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қамтылу деңгейі ең төмен, 13% - дан 17,0% - ға дейін.

Министрліктің жоспары бойынша жарты жылдың ішінде  8 миллионға жуық адам қайта вакциналаудан өтуі керек. Ал, вакциналау қарқыны төмен, оған бейқам қарап отырған әкімдерге Үкімет басшысы ескерту жасады. Науқастардың көбеюіне  байланысты қосымша тапсырма жүктеді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мониторингтік топтардың жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер  ауруханаларда  қосымша орындар дайындасын.

Сондай-ақ елдің бас дәрігері «Омикрон» штаммының белгілеріне тоқталды. Ол: тұмау немесе «суық тиюге» ұқсас келеді, яғни қызу көтеріледі, әлсіздік байқалады, бас ауырады, жөтел болады.

Бұдан бөлек, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары қызметкерлерінің жұмысын ынталандыру мақсатында қосымша ақы төлеу бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты. Учаскелік медицина қызметкерлері де шет қалмайды. Оларға коронавирус жұқтырғандарды үйде емдеген үшін 3 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы көзделген.

Республика аумағында вирустың жаңа түрінің таралуына баййланыста мынадай шектеулер енгізілді: шетелден келген кез келген азаматтан вакцина салдырса да ПТР сынамасы талап етіледі. «Ашық» қосымшасында тек «жасыл» мәртебесімен ғана кіргізетін нысандар көбейтіледі.

Үкіметтің жаңа құрамы әлі қызметтеріне үйренісе алмай жатқан секілді.
 
Ал түстен кейінгі брифингте Ажар Ғиният елде локдаун енгізіле ме деген сұраққа жауап берді.  

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бүгінде ел ауқымында локдаунды енгізу жоспарланып отырған жоқ, ондай болжам да жоқ. Біз қолданып отырған барлық шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің әлсіреп кетпеуіне бағытталған. Бұдан әрі шектеу шаралары әрбір өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сараланып қолданылатын болады.

Айта кетейік, пандемия басталғалы 1 миллион 71 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігі елде «омикрон» штаммының жылдам таралуына байланысты сырқаттанған адамдарға дәрігерге уақтылы жүгіну керегін ескертеді.

А. Данияр