Қостанай облысындағы Жамбыл ауылының тұрғындары лай су ішіп отыр. Себебі, елдімекенге жүргізілген су құбырының жаңартылмағанына 10 жылға жуықтаған. Арнайы сүзгінің тозығы жеткен көрінеді. Ал ауылдағы алты жүзден астам отбасы амалсыздан суды қаладан тасып ішуге мәжбүр. Жергілікті билік бұған не дейді? Мәселе қашан шешіледі? Тараптарды тыңдаған тілшіміз Заңғар Санайдың бейнематериалы.
Ауыл тұрғындары таза су ішпегелі 4-5 жыл болғанын айтады. Қаражат тапқандар қымбат сүзгі орнатып алған. Бірақ, оның өзін жиі ауыстыратын көрінеді. Ал арнайы фильтрі жоқтар лай су ішуге мәжбүр.
Марал АБАЙҚЫЗЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Киім жууға жаңағыдай баланы шомылдыруға жеткілікті.Ал былайша ішуге енді келмейді.Дәмі бар.Сосын шәйнектердің түбінде тас болып тұнып қалады.
"Сапасыз су денсаулығымызды құртты" дейді тұрғындар. Айтуларынша, соңғы жылдары ауылда аурушаңдық артқан.
Марат САҚТАҒАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Операция істеген адамдар мына жерде көп. Бүйректерінен тас шығып жатыр.Бауырынан, асқазанынан.Суды іше алмайды адамдар.Біразы қаладан алады.Ақша жетпейтіндер суды ішеді амалсыздан қайнатып.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Тұрғындардың көбі ауылдың суын ішпейтінін айтады. Сондықтан күн сайын осылай қаладан бөшкелеп су тасуға мәжбүр.
Ал ауылды сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын басшылары ауыз судың ішуге жарамды екеніне сенімді. Өйткені үш ай сайын сынама алынып, сараптама жасалады дейді. Тұрғындардың шағымына сәйкес тағы да тексеруге дайын.
Фамил КУРБАНОВ, ЗАТОБОЛ ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Үш ай сайын сараптама жасаймыз. Сынама хаттамасы бар. Параметрлері толық сәйкес келеді.Су ішуге жарамды.
Жамбылға 9 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су құбыры тартылған. 9 ұңғыма қойылған. Ондағы сүзгілер әбден тозған.
Қанат СӘТТІБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Сүзгілер тозған. Енді бюджеттік өтінім беретін боламыз. Осы сүзгілерді ауыстыру үшін.
Қазынадан қаражат бөлінсе ауыз су мәселесі дереу шешіледі дейді әкім. Елдімекен тұрғындары да осы үмітпен отыр.
З. Санай