Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Түркістан облысында шенеунік журналисті атуға тапсырыс берген деген күдікпен қамалды

AstanaTV
21.01.2022ж. 20:00
1731
Түркістан облысында шенеунік журналисті атуға тапсырыс берген деген күдікпен қамалды

Түркістандық шенеунік адам өмірін 5 миллион теңгеге бағалағаны ма? Сарыағаш ауданы бойынша адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы жергілікті журналистті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілікті. Лауазымды тұлға мұндай қадамға неліктен баруы мүмкін? Ал атылған оқ кімге тиді? Өңірдегі  әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатып айтады.

Түркістан облысының полицейлері ашқан «адам өлтіруге оқталу» қылмысы құдды кинодағыдай өрбіген. Сарыағаштық шенеунік өлтіруге тапсырыс берген адам анау-мынау емес, ауданындағы жекеменшік газеттің редакторы Амангелді Батырбеков. Оның ұлын белгісіз біреулер қаңтардың үшінен төртіне қараған түні үйінің жанындағы дүкенінде терезе сыртынан атып кеткен болатын. Арқасы мен қолына оқ тиген 31 жастағы жігітті құдай сақтап қалды. Батырбеков сол кезде мұны әлдекімдердің тапсырысы екені айтқан болатын. Шұғыл іске кіріскен полицияның күдігі де дәл келді.

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Қылмысты ашуға бағытталған бірнеше версиялар қарастырылды. Бір версия сол журналистің кәсіби деңгейіне байланысты айтылды. Сол версиямыз дәлелін тапты. Шенеунік журналистің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған.

Күдіктілер көп ұзамай Шымкент қаласынан ұсталған. Солар арқылы тапсырыс беруші де анықталып отыр. Қазір бес адам уақытша қамауға алынды.  Оның бірі лауазымды тұлға. Айғақты заттар да алынды,- деді облыстың бас полицейі.

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Орындаушылар тапсырысты орындап  қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласына, Арыстан әрі қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде бүгінгі таңда екі жеңіл ВАЗ автокөліктері алынды. Оны қылмыстық жолмен тапқан ақшаға сатып алғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-шы калибрлі патрондарда алынып отыр қазір.

Шенеунік кісі өлтіретіндерді өзінің қол астында бұрын істеген қызметкері арқылы жалдаған. Күдікке ілінген лауазымды тұлғаның аудандық білім бөлімінің басшысы екенін Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы ресми түрде мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ:

Б.К.Майриховқа қатысты Сарыағаш аудандық полиция басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалғаны және қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына жабылғаны көрсетілген. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.  Басқарма, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуі кезінде Б.Майриховты атқарып отырған қызметінен шеттетіп,  Бөлім басшысының міндеттерін уақытша атқаруға мемлекеттік қызметішіні 24.01.2022 ж. бастап тағайындау мәселесін қарауда.


Күдіктілер нысанаға алған журналистпен де тілдесіп көрдік. Амангелді Батырбеков телефон арқылы берген сұқбатында оқ жарақатын алған 31 жастағы ұлының қазіргі жағдайы жақсы екенін жеткізді. Айтуынша, шенеунікті 2014 жылдан бері, саладағы былықты  аз сынамаса керек. Тапсырыс берген адам газетке жазған соңғы мақаласынан соң көзін құртпақ болды ма деген ойын бүкпеді.  

Амангелді БАТЫРБЕКОВ, ЖУРНАЛИСТ:

30 –ноябрьде сол айда шығатын газеттің санында «Аты бар да заты жоқ» деген мақала жазғам мен. Сол мақалада мен жазғам что ол ашқан детсад, өзінің жанындағы әйелмен бірге ашқан  «Алихан-2020» деген , сол бір жыл бойы ешқандай бала жоқ, мемлекеттен ақша алып келген ғой 111 балаға. Сол бойынша менің мақаламнан кейін қылмыстық іс қозғалатын болған. Сол қылмыстық іс қозғалмай жатып мені атып тастамақшы болған.


Қамауға алынған бесеудің арасында білім саласының тағы бір қызметкері бар деген ақпарат айтылуда. Әзірге мұны полиция ресми растамады. Сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүріп жатыр.   

А. Төребекқызы