$494.87 €520.65 ₽4.91
×

2 жасар қызды балабақшада тәрбиеші соққыға жыққан

AstanaTV
24.01.2022ж. 20:00
2141
2 жасар қызды балабақшада тәрбиеші соққыға жыққан

Балабақшадан тағы шу шықты. Елорда тұрғыны "екі жастағы қызымды тәрбиеші ұрды" деп шағымданды. Оны ата-ана бейнебақылау камерасынан көріпті. Құзырлы орындарға арызданған.  Ал мектепке дейінгі тәрбие орнының басшысы бұған   не дейді? Балабақшалардағы  бассыздық қашан тоқтайды? Тілшіміз Әсел Дүкембаеваның бейнематериалы.

Қала тұрғыны Марина Аушенова  әлі екіге де толмаған қызын жекеменшік балабақшада тәрбиешілердің аяусыз ұрғанын айтады.  Әдеттегідей баласын  бақшаға апарған ол  кешке үйге келгенде "қызымның  түрін көріп шошып кеттім" дейді.

Марина АУШЕНОВА, АТА-АНА:

Менің қызым кішкентай, екіге де толмаған. Сөйлей де алмайды. Сол күні  балабақшадан кешкісін алып қайттық, үйге келіп шешіндіріп жатсақ, қолының барлығы көгерген. Ең қорқыныштысы мойыны болатын.

Марина құзырлы орындарға шағымданған.   Қорғаушының айтуынша, іс қарқынды жүріп жатқан жоқ." Қолымызда  дәлел ретінде  бейнекамера жазбасы болса да,   жіпсіз байланып отырмыз",- дейді олар.

Инара ЖАБАҒЫБАЕВА, АДВОКАТ:

Сот алды қағаз жаздырып алды. Сотқа дейін ешқандай ақпарат таратпау туралы. Сондықтан толық мәлімет бере алмай отырмыз. Бірақ  іс әлі  тоқтап тұр. Ал біз ол видеоны жарияласақ, бізге қатысты қылмыстық іс қозғалады деді.

Бұл жағдай өзге ата-аналарды да алаңдатып отыр. Айтуларынша, бұған дейін де балабақшада  осындай оқиға болған. Ирина Нуралинаның  баласының бірнеше рет  еріні жырылып келген. Оған аса мән бермеген көрінеді. "Енді мынау жағдайдан соң   ұлымды балабақшадан шығарып алдым",- дейді Ирина.   

Ирина НУРАЛИНА, АТА-АНА:

Мен бұл жағдайды естігенде арыз жазып балаларымды шығарып алдым. Маринаның қызының фотосуреттері мен видеоларын көріп, үндемей отыра алмадым. Сол күні барлық ата-ананы жинап акт залында жиналыс жасадық. Тәрбиеші ол кезде әлі де жұмыс істейтін, сол кезде ата-аналардан кешірім сұрады.

Ал мектепке дейінгі тәрбие орнының директорының айтуынша,  тәрбиешіге қатаң сөгіс берілген. Онан кейін жұмыстан  қуылыпты.  

Гүлназым БЕСТҮБАЕВА, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:

Болған оқиғаға байланысты тәрбиешіден түсініктіме алынып, хаттама толтырылды. Тәрбиеші қазіргі кезде 52 бап 4 тармағы бойынша жұмыстан қуылды.

Сондай-ақ құзырлы орган жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Эльмира ШӘУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жәбірленушінің арызы бойынша Алматы аудандық полициясымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Балабақшалардағы былық азаяр емес. Осыдан бір ай бұрын Алматыдағы   жағдайларға  байланысты министрлік тексеру бастауы тиіс болған. Бірақ оның нәтижесі әлі жарияланған жоқ.  Ата-аналар "мұндай бассыздыққа  қандай да бір тыйым болу керек" деп талап етіп отыр.

Ә. Дүкембаева