$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Косметолог Эльвира Абдуллаева сот залында бостандыққа жіберілді

AstanaTV
22.06.2016ж. 20:00
2326
Косметолог Эльвира Абдуллаева сот залында бостандыққа жіберілді

Орал қаласындағы «Звезда Востока» сұлулық салонында болған адам өліміне қатысты іс аяқталды. Сот айыпталушы Эльвира Абдуллаеваны үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Косметолог сот залынан бостандыққа жіберілді. Ал марқұмның туыстары соңғы сот отырысына қатыспады. Еркін Қарин себебін білді. 

Еркін Карин, тілші:

Соттың соңғы отырысы ұзаққа созылмады. Үкімді он минутта оқып біткен судья айыпталушы Эльвира Абдуллаеваны үш жылға бас бостандығынан шектеуді жөн көріпті. Косметолог осы уақыт бойы медициналық қызмет көрсетумен де айналыса алмайды. Әрі 224 сағат түзету жұмыстарына жегілмек. Тағайындалған жазаның заң аясында екендігін мәлімдеген сот, айыпталушыны сот залынан босатып жіберді.

Руслан Жұмағұлов, Орал қалалық сотының судьясы:

Абдуллаеваға жаза тағайындағанда, оның кінәсін шын жүректен мойындауын, оның сотталмағанын, жәбірленушіге моральдық және материалдық залалды өндіргенін, жәбірленуші оған кешірім бергенін, алғашқы медициналық көмек көрсеткенін, кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін, ол жеңіл дәрежеде қылмыс жасағанын ескере отырып, таныған.

Айгүл Орынбекова, қорғаушы:

Егер адам орташа дәрежеде қылмыс жасаса, оны бас бостандығынан айыру жазасына баламалы жаза да қарастырылған. Бұл жолы сот жазаның осы түрін таңдады. Яғни Абдуллаеваның бас бостандығы шектелді. Сондықтан бұл шешімге қанағаттанамыз.

Айта кетелік, косметолог Эльвира Абдуллаева 28 наурыз күні қамауға алынған болатын. Ол жасаған косметикалық шаралар кезінде Орал қаласының тұрғыны көз жұмды. Кейін косметолог өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындады. Әрі бұл іспен Қазақстан аумағында айналысуға оның арнайы сертификаты мен лицензиясы жоқ екені анықталды.

Еркін Карин, тілші:

Басы дауға қалған косметолог пен марқұмның жақын құрбылар екендігі белгілі болды. Марқұмның Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының әйелі екендігі мәлім. Ал салон қожайыны Венера Қайдарова сот отырысына қатыспады. Оған қатысты іс құжаттары тергеушімен бөлек өндіріске жіберіліпті.

Еркін КАРИН