$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Той жасауға рұқсат: бизнес субъектілерден шектеу алынып тасталды

AstanaTV
25.01.2022ж. 20:00
916
Той жасауға рұқсат: бизнес субъектілерден шектеу алынып тасталды

Қош бол, карантин! Кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнес субъектілерден шектеу шаралары алынып тасталды. Бұдан бұлай, кез келген өңірдегі сауда ойын-сауық орталықтарынан бастап, базарларға дейін қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.  Тек санитарлық талаптарды ұмыт қалдырмау керек, дейді Денсаулық сақтау министрлігі. Әдеттегідей, маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті болады. Егер, еркінсіп кеткен жағдайда бәрі қайтадан жабылады. Үкімет отырысында мұнан басқа тағы не айтылды? Әріптесім Асылбек Данияр  жалғастырады.

Тойды сағынған ағайынға сүйінші хабар. Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан карантин талаптары жойылды. Салтанатты жиындар, еске алу, спорттық шаралар, көрмелер мен форумдар өткізуге рұқсат.  Мешіт, сауда және сауда ойын-сауық орталықтары, тойхана, сауықтыру кешендері мен сауда желілері де баяғыдай жұмыс істейді. Тек «Ashyq-тағы» мәртебеңіз «жасылды» көрсетсе болғаны.   

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, темір жол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға,  білім беру ұйымдарына, СПА- орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеулерсіз кіруге рұқсат етіледі.


Яғни, бұл - аталған мекемелер мен ұйымдардың қызметі де жанданады деген сөз. Қысқасы, екпе алған, дені сау адамға еш  кедергі жоқ. Сондай-ақ  «Ashyq-тағы» «көк» мәртебесі бар келушілердің кіруіне рұқсат берілген нысандардың да  ауқымы  кеңейді.

Ресторандар, мәдени объектілер,  балалар мен ересектер үшін ойын және  ойын-сауық орындары бойынша «жасыл» аймақтағы облыстарда шектеу жоқ. «Сары» белдеудегі өңірлерде сыйымдылық 70, «қызыл» аймақта  60 процентке   ұлғайтылды.

Пандемия басталғалы  елімізде бизнеске мұндай  жеңілдіктер болған жоқ.  Денсаулық сақтау министрі босаңсуға болмайтынын ескертті.  

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл өз кезегінде белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмдерін орындау жолында бизнестің ерекше жауапкершілігі мен адалдығына сенім артады. Ал егер денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесі арту қаупі туғанда және коронавирус инфекциясынан өлім-жітімі артса қосымша шектеу шаралары енгізіледі.  


Дегенмен,  республика бойынша коронавирусты жұқтыру дерегі азаймай тұр. Он күннен бері эпиджағдайды бағалау матрицасы қызарып тұр. Тек Түркістан облысы «сары» аймақта. Желтоқсан айымен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 11 есе өскен. Әсіресе, Ақтөбе облысында. Мұнда індетке шалдыққандар 53 процент көбейген. Бірақ, өлім дерегі азайыпты. Сондай-ақ елдегі вакцинация мен ревакцинация қарқыны әлі төмен.

Бүгінге дейін екпенің 1 дозасын 9,7 миллион, 2 дозасын 9 миллионнан аса адам салдырған.

Халықты иммундау бойынша Маңғыстау мен Қостанай облысы көштің соңында қалып қойды. Мұндағы вакцина алған жұрт әлі 60 процентке  жетпейді. Осы орайда, Денсаулық сақтау министрі, ревакцинацияға асығу керек деді. Әсіресе, егде жастағы кісілер. Өйткені ауруханаға түсіп жатқандардың көбі 60-тан асқан азаматтар.

Сондай-ақ коронавирус жұқтырып немесе науқаспен байланыста болғандар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге қысқарды. Яғни, 7 тәуліктен кейін ПТР сынамасын тапсыруға болады. Бұл санатқа Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысынан кейін ауырған адамдар кірмейді.

А. Данияр