Солтүстік Қазақстан облысында 12 жылдан бері қараусыз қалған, ашық уран шахталары қоршала бастады. Жергілікті билік өкілдері арнайы "Жол картасын" әзірлеп, ашық-шашық жатқан кен орындарының төңірегін бекітуді қолға алды. Бүгінде Қызылжар өңірінде осындай 6 нысан бар. Құзырлы органдар Ғабит Мүсірепов ауданындағы шахталарды қоршау жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Ендігі кезекте Айыртау ауданы тұр. Мұндағы екі кен орнын қоршап, арнайы белгілерді орнатуға 97 миллион теңге қажет. Экология департаментінің бұл жұмысқа мұрындық болғаны кездейсоқ емес. Кейбір кен орындарында радиация көрсеткіші қалыпты мөлшерден бірнеше есе асқан көрінеді.
Азамат БЕКТАСОВ, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Департамент мамандарымен 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін мониторинг жұмыстары жүргізілген. Осы бақылау кезінде кейбір жерлерде радиациялық зақымдану 1-1,5 есе көп екені анықталды. Осы себептердің бәрі болжамдап, құжаттарды жинап, осындай жол картасы әзірленді. Жоспар бойынша негізгі мерзімдер 2023 жылға дейін созылған.
Еске салайық, біздің аймақтағы тілшілеріміз, бұл мәселені бір емес бірнеше рет көтерген еді. Кеңес заманында теріскейде алты кен орны табылып, онда 15 жыл бойы тоқтаусыз уран өндірілген. Ал тоқырау заманында өндірістің барлығы тоқтатылып, шахталар консервацияланған. Жабылған кен орындарын «Уран Ликвид Рудник» компаниясы бақылауға алды. Алайда, бұл кәсіпорын 2010 жылы банкротқа ұшырап, нысандар қараусыз қалғанын айтқан-ек. Тіпті жақын маңайдағы ауыл тұрғындарының ескі өндіріс орындарын тонау фактілері де тіркелген болатын.
А. Құрманкин