$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Аршалы ауданында 60 мың теңге алатын 120 жұмысшы базыналарын жеткізді

AstanaTV
27.01.2022ж. 20:00
1121
Аршалы ауданында 60 мың теңге алатын 120 жұмысшы базыналарын жеткізді

60 мың теңге жалақы. Бұл - Ақмола облысы Аршалы ауданындағы әлеуметтік нысандарда от жағатындардың жалақысы. Айлығы шайлығына жетпей жатқандарын айтқан 100-ден аса жұмысшы, арнамыздан көмек сұрайды. Азық-түлік қанша қымбаттаса да, табысыны тиын қосылмай жатқанын жеткізді. Тіпті соның өзін кешіктіріп беруге көшті деп отыр. Базыналы бұқарамен кездесіп келген әріптесім Динара Жарқынбек тақырыпты тарқатады.

Бір ғана Аршалы ауданында 120 жұмысшы, мектептер мен балабақшаларда от жағады екен. 3 жылдан бері 60 мың теңгеге жан бағып жүргендерін айтты. Басшылықтан айлықты көтеруді талай мәрте талап еткенмен, "баяғы жартас сол жартас" көрінеді. Соңғы кезде тамтұмдаған табысымыздың өзі уақытында берілмейтін болды,- дейді.

Александр АМАН, ОТ ЖАҒУШЫ:

Бізде барлығымызда жалақы бірдей. 60 мың теңгеден аспайды. Қосылады деген. Бірақ әлі қосылмады.  Өзіңіз ойлап көріңізші 60 мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе?  Онымен қоймай, екі айдан бері жалақымызды дұрыс уақытылы ала алмай жүрміз. Бәрінің басында кредиті бар.

"Айлық өссін" деп қайта-қайта шырылдағаннан, нәтиже болмапты. Тіпті соңғы уақыттары жауаптылармен байланысқа шығудың өзі  мұңға айналған. От жағушы Григорий Иванковтың айтуынша медициналық сақтандыру ақысы да төленбейді екен. Ол бұған дейін денсаулығын тексерту үшін емханаға барғанмен, медсақтандыру жоқ деп кері қайтарып жібергенін дәлел қылды.

Григорий ИВАНОВ, ОТ ЖАҒУШЫ:

Жалақы аз, уақытылы төленбейді. Тіпті медициналық сақтандыру ақысы да бөлінбеген, 3 ай болды. Мен ауруханаға тексерілуге барғам, сақтандыру жоқ деп қарамады.  

Журналистер келгенін білген жауапты адам, жиналғандардың ортасына дереу жетті. Ол келе жұмысшылар жалақысын уақытылы алып жатыр, медсақтандыру ай сайын түсіп тұр деп ақталды. Егер сақтандыру ақысы түспей қалған болса, ол әр ауылдың ішкі саясаты деді. Ал, жалақыға жыл сайын 3-5 мың теңге қосылып жүр дейді. Мұны естіген жұмысшылар да, дауласа кетті. Артынша басшы биыл жалақы көтерілмейді деп кесіп айтты. Оның айтуынша монополияға қарсы комитетке от жағушылардың жалақысын 30 пайызға арттыру туралы өтініш берген, бірақ олар 180 күнге жалақыға мораторий жариялапты. Бірақ басшы сөзінен жаңылды ма, шатасты ма, соңында  жалақы көтерілді деп айды аспаннан бірақ шығарды.

Рахат АЙБАТОВ, АРШАЛЫ ЖЫЛУ ТАРАТУШЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сіз нежданно алып шықтыңыздар мені. Мен өзім дайындалып алып келген жоқпын.  Қазір қарастырсақ әрбір жылы әрбір ауылда мәселесіне байланысты, кочегарлар зарплатасын көтер деп сұрайды. Осы жолы 5 мыңнан 10 мыңға дейін көтерілгендер зарплаталар бар осы жылы.


Компания басшысы айлықты көтеру менің қолымда емес деді ақырында. Ал, айлықтың уақытылы төленуін қадағалауды өз қолыма аламын деп уәде етті. Тараптардың мәмілеге келе алмай жатқанын көрген аудан әкімінің орынбасары, мәселені бақылауға алатын болды. Олар айлықты көтерсін деп өз тарапынан жоғарыға өтініш беретіндерін айтып, жиналғандарды тарқатты.   

Д. Жарқынбек