$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Елде жыл сайын 1500-ге жуық адам өндірістік жарақат алады»,-сенатор

AstanaTV
27.01.2022ж. 20:00
1012
«Елде жыл сайын 1500-ге жуық адам өндірістік жарақат алады»,-сенатор

Елде жыл сайын 1 мың 500-ге жуық адам өндірісте жарақат алады, 200-ден аса жұмысшы қаза табады. Сенатор Нариман Төреғалиев осылай деді. Оның айтуынша өндіріс орындары жұмысшыларға дұрыс жағдай жасамайды, еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлық танытады. Сондықтан 500-ге жуық адам жұмыс кезінде мертігу және кәсіби аурулар салдарынан мүгедектікке шалдығуда.  

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

2020 жылы тексерілген 1,6 млн жұмысшының 22% зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істегені анықталған. Нәтижесінде, жыл сайын 500-ге жуық жұмысшыдан кәсіптік аурудың алғашқы белгілері тіркелуде. Одан басқа, 2020-2021 жылдары, еңбек инспекторларымен анықталған 11 мыңнан аса ереже бұзушылық болса, соның 34% еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тіркелген.

Қазір ел аумағында 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оларға 237 еңбек инспекторы ғана мемлекеттік бақылау жүргізуде. Маман жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын ұйымдар мен кәсіпорындардың тек 3%-ын тексерумен қамту мүмкін болып отыр. Осылай деген сенатор, құзыретті органдар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен күреспейді, тек оқиға орын алған кезде ғана фактілермен жұмыс істейді. Сол себепті инспекторлардың құзыреттілігін халықаралық нормалармен сәйкестендіру қажет,- деді.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Кәсіпкерлік кодексте көзделген еңбек инспекторларының қызметін шектеу туралы нормаларды Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес келтіру маңызды деп санаймыз. Құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым жұмыс істеген кезде жұмысшының өмірі мен денсаулығына келтірген зиянды өтеу үшін бас мердігер мен қослқы мердігерге ортақ жауапкершілікті қарастыруды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының санын ұлғайту мәселесін қарастыруды ұсынамыз.

Б. Сатуов