Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс болып, екі адам қаза тапты. Тағы 20-дан астамы жараланды. Дегенмен қазір жағдай тұрақталды. Тараптар атысты тоқтату туралы ортақ келісімге келді. Шекарадағы көлік қозғалысы да реттелді. Дейтұрғанмен, көрші мемлекеттердің арасында туған жанжалға не себеп болды? Әріптесім Әсел Дүкембаева анықтауға тырысты.
Тәжікстан мен Қырғыз шекарашылары арасындағы атыс, кеше кешкісін басталған. Кімнің бірінші оқ атқаны әзірге белгісіз. Тараптардың таратқан ақпараттары қарама-қайшы. Олар бір-бірін кінәлайды. Қырғыз билігі тәжік шекарашылары бастады десе, Тәжікстан керісінше қырғыздар деп отыр. Олар Баткен облысында жергілікті халық Тәжікстан азаматтары мінген көлікті тоқтатты деді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін шекаралас облыстардың құқық қорғау органдары өкілдері кездесу жоспарлаған. Бірақ қырғыз тарапы бұл кездесуге келмеген, керісінше шекарашылары оқ жаудыра бастады дейді.
Үш сәтсіз әрекеттен кейін тараптар бір шешімге келді. Екі ел де оқ атуды тоқтатуға келісті. Тіпті шекараға қосымша шақыртылған әскер мен техниканы алып кетуге уағдаласты. Баткен-Исфана арасындағы жолды ашуға және қақтығысты болдырмас үшін шекара бойындағы елдімекендерді бірлесіп қадағалайтын болды.
Саумуми ЯТИМОВ, ТӘЖІКСТАН ҰҚК ТӨРАҒАСЫ:
Біз қырғыздармен, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мәселелерді шешу туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл біздің қолымыздан келетініне сенімдімін. Жақынарада барлық мәселелерді шешеміз. Біздің халықтар достық пен өзара бейбітшілікте өмір сүретін болады.
Қамшыбек ТӘШИЕВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰҚК ТӨРАҒАСЫ:
Біз атысты тоқтатып, қосымша жұмылдырылған әскерлерді шекарадан әкету туралы шешім қабылдадық. Сонымен қатар бүгіннен бастап көршілерімізбен қарым-қатынасымыз одан әрі нығая түстік. Екі ел де әсіресе, шекаралас аймақтарда тыныштық орнайтын болады.
Қақтығыс кезінде Тәжікстанның екі азаматы қаза тауып, он адам жараланды. Ал, Қырғыз Денсаулық сақтау министрлігі 12 адам жарақаттанғанын мәлімдеді. Шекарадағы шиеленіске қатысты Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымының өкілдері де пікір білдірді. Қақтығысты реттеуге қажет болса көмек көрсетуге дайын екендерін айтты. Бірақ, екі мемлекеттің де басшылығы бұл күрделі мәселені шешудің өзара қолайлы жолдарын табатынына сенімді екендерін мәлімдеді.
Ә. Дүкембаева