"Баламыз еті жоқ тамақ жеп, сылдыр сорпа ішіп жүр". Алматы облысы, Талғар ауданындағы мемлекеттік балабақшаның ата-аналары осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, бүлдіршіндердің ішетін асы құнарсыз. Үйге үнемі аш келеді деп ашуланады. Мәселе аудандық әкімдікке жетті. Құзырлылар не дейді? Толығырақ Динара Жарқынбек айтады.
Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:
Ата-аналар балаларының үйге үнемі аш оралатынын байқаған соң, бірнешеуі жиналып түскі уақытта балабақшаға ескертпей кіріп барған. Олардың күдігі расталыпты. Сылдыр сорпа мен еті жоқ тамақты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады.
Бұл бейнекөрініске қатысты жергілікті әкімшілік қызметкері жауап берді. Айтуынша, балабақша меңгерушісі дәл сол күні екпе алып, ауырып жұмысқа келмеген. Десе де, дау көтерген ата-аналар басшылықтан түсініктеме беруді талап еткен. Мұны да ашулы ананың бірі видеоға түсіріп алған. Бұған балабақша меңгерушісі қымбатшылықты алға тартып, азық-түлікке ақшаны өз қалтасынан төлеп жүргенін айтып ақталды. Сондай-ақ, тамаққа бөлінетін қаржыны көбейтуді сұраған өтінішіне жоғарыдағы жауаптылар үн қатпаған көрінеді.
Жазира АЛДАТАЕВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
Соны біз шырылдап жазып жатырмыз хатқа. Оплата бізге жетпейді деп. Біз поставщиктерге 2-3 млн қарызбыз. Кейде продукты акелмейміз, ақшасын төлеңіздер дейді. Ол проблеманы сіздерге айтқым келмейді. Айта берсем, сіздердің шаштарыңыз ағарып кетеді. Кейде тамақтарды өзімнің қалтамнан аламын. Қыздар кеп ана жоқ, мынау жоқ деп. Соған дейін барам. Мен айтпайм ғой сіздерге, неге мен айлығымды сіздерге жіберуім керек деп.
Ал әкімшілік мұны жоққа шығарды. Меңгерушінің "қарызбыз" деген сөзі шындыққа жанаспайды дейді. Әкімшілік маманының айтуынша, астың сапасын санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тексереді. Тексеру аяқталғанға дейін ата-аналар күнделікті ас мәзірімен таныстырылады. Сондай-ақ жасыл статусы бар бірнеше ата-ана комиссия ретінде келіп, қарап тұруына болады дейді.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМШІЛІГІ:
Мұндай шаралар ата-аналар түсіріп алған видеодан соң қолданылып отыр. Түскі ас кезінде балабақшаға келген 7 ата-ана 2-3 ыдыстағы сорпаны түсіріп, онда еттің жоғын көрсеткен. Сорпа мен палаудан бөлек ол күні балаларға салат пен нан берілген. Сондай-ақ, балабақша меңгерушінің "азық-түлікке ақшаны өз қалтамнан шығардым" дегені шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік балабақша болғандықтан, жалақыдан бастап коммуналдық ақыға дейін мемлекет есебінен қаржыландырады.
Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:
Әкімшілік балабақша меңгерушісі мен екі аспазға қатаң сөгіс жарияланғанын мәлімдеді. 20 жылдық тәжірибесі бар педагог болған жайт үшін ата-аналардан кешірім сұрайды. Егер тағы осындай жағдай қайталанса, қатаң шара қолданамыз дейді.
Д. Жарқынбек