Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Павлодарда 20-дан астам үй мен бірқатар мекеме жылусыз қалды

AstanaTV
31.01.2022ж. 20:00
588
Павлодарда 20-дан астам үй мен бірқатар мекеме жылусыз қалды

Павлодарда 20-дан астам үй мен бірқатар мекеме жылусыз қалды. Жылу  құбырында апат болған. Қақаған қыста  бүрсең қаққан тұрғындар  қайда барарларын білмей дал.  Ал мамандар   жылу құбырындағы ақаудың қалыпқа келтіріліп жатқанын айтады. Бірақ, жұрт бұған дейін де осындай апат болып, бір тәуліктен астам жылусыз қалғандарын айтады.    

Әсем ОКЕНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі бөлмелі пәтерім суып кетті. Қызым екеуміз тоңып отырмыз. Жаңа жылдың алдында да осындай жағдай болған. Үнемі апат бола береді.

Шамиль ГАЛИУЛИН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдегі батареялар мұздай.  Қатып қалмаса екен енді. Қалада коммуналдық апат жиі болады. Сондықтан біз мұндайға дайын отырамыз. Жылытқыш құралдарымыз бар. Алдын ала сатып алғанмын. Өйткені, үйде кішкентай балаларым бар.


Ал мамандар жылу желісіндегі ақаулардың жиі болуы  коммуналдық желілердің әбден ескіруінен дейді. Қазір  облыс орталығындағы құбырлардың 87 пайызы тозған.  Салдарынан шаһарда апат көбейген.  Бұл жолы да мәселе  сол тозған құбырдан туындаған. Дегенмен,  жауаптылар көп ұзамай  жылуды береміз – дейді.

Әнуарбек АМАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Павлодар жылу желілері жыл сайын сегіз шақырымдық желіні жөндейді. Бірақ, бұл тым аз көрсеткіш. Жағдайды тұрақтандыру үшін кем дегенде инженерлік жүйелердің 25 шақырымын ретке келтіру  керек. Биыл төрт шақырымдық магистральді желі жөнделеді. Сонымен қатар, әбден тозған аулаішілік құбырлар да жаңартылатын болады.  

Биыл Павлодар қаласының жылу желілерінде 20-дан астам апат болған. Жауапты мекеме өкілдері өткен жылы жылу және сумен қамту жүйелерінде 700-дей ақау анықталғанын хабарлады.

Ө. Қуанар