Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ауыл шаруашылығы саласындағылар түрлі айлаға басқан,- Президент

Ауыл шаруашылығы саласындағылар түрлі айлаға басқан,- Президент

Соңғы үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды. Ал енді кейбірінің лауазымы төмендеген. Нәтиже болды бірақ түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Ел Президенті бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте осылай деді. Мемлекет басшысының талабы  жемқорлықтың тамырына балта шабу. Оның пайымынша сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі.   

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жемқорлық әрекеті үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Жалпы қабылданған шаралардың арқасында жемқорлық деңгейі төмендеді. Алайда, түбегейлі өзгеріс болмады. Мұны ашық айтуымыз керек. Халқымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде.

Жиында, былыққа белшесінен батқан ауыл шаруашылығының жайы да сөз болды. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті дейді мемлекет басшысы. Шенеуніктердің жеке басын ойлаудың салдары, қарапайым халықты қажытты. Елдің ішіп-жеп отырған азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Саланы артқа сүйрейтін негізгі фактор – субсидиялауға байланысты жемқорлық деректер деп атады. Президенттің дерегінше ауыл шаруашылығындағы шаруаларды қолдау үшін кейінгі бес жылда мемлекет тарапынан екі триллион теңге бөлінген. Соған қарамастан 960 қылмыстық іс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек.

А. Данияр