Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағасы қызметінен босатылды

AstanaTV
01.02.2022ж. 20:00
1304
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағасы қызметінен босатылды

Сол жағалаудағы ауыс-түйіс Парламентке де жетті. Мәжілісті 10 жыл басқарған Нұрлан Нығматулин қызметінен кетті. Оның орынтағы суып үлгермей жатып, депутаттар жаңа спикерді сайлап алды. Бұл лауазымға мәжілісмендер бір ауыздан Ерлан Қошановты лайық деп тапты. Ол Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген болатын. Парламент қабырғасындағы өзгерістер жайлы келесі бейнематериалда.

Әдетте дүйсенбі мен сәрсенбі күндері ғана жиналатын мәжілісмендер, бүгінгі өзгерістен алдын ала хабардар болғанға ұқсайды.  Депутаттар спикерді шығарып салуға шыттай болып, ақ жейдемен келіпті. Тіпті қып-қызыл шоқ раушан гүл де алынған. Мәжілістегі 3 шақырылымға төрағалық еткен Нұрлан Нығматулиннің жүзінде қобалжу басым. Ол өз сөзін алғыс айтумен бастады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН:
 
Биыл мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен, Елбасымыз, Nur Otan партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі мемлекет басшысы, партиямыздың төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашан қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Мәжілісмендер Нұрлан Нығматулин басқарған кезеңге шолу жасады.   

Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Он жылға жуық Парламент Мәжілісін басқарды. Ол басқарғалы бері біз көптеген жақсы жаңалықтарды көрген болатынбыз: Парламент Мәжілісінің форматының өзгеруі, толық ашықтық, басқа түрлі саяси партиялармен бірлесе жұмыс істеу, түрлі ақпараттарды талдап, олардан жақсы қорытынды шығарып, одан бөлек, жақсы заң жобаларды өмірде іске асыру.

Мәжіліске жаңа төраға келді. Ерлан Қошанов еңбек жолын Жезқазғандағы түсті метал фабрикасында слесарь болып бастаған. Кейін бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. Парламентке де бірінші рет келіп тұрған жоқ. Сенатта депутат болды, Парламентте екі мәрте Үкімет өкілі болды. Ал, 2019 жылдан бері  Президент әкімшілігінің басшысы қызметінде болды. Су жаңа спикер, қолдау білдіргендерге алғысын айтты. Өзіне жүктелген жаңа міндет ерекше мәртебе екенін атап өтті.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Құрметті депутаттар, біріншіден, менің кандидатурамды қолдап, сенім көрсетіп, бір ауыздан дауыс бергендеріңіз үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Енді өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында әрі қарай да осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету – бұл ерекше мәртебе.


Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орынды әрі уақытылы іске асыру үшін  мәжіліс депутаттарының қызметі айрықша екенін еске салды. Сондай-ақ, жүктелген жаңа қызметті де абыроймен атқарып, сенімді ақтауға тырысамын деп серт берді.  

Д. Жарқынбек